Барлық статистикалық нысандарды ақпараттық жүйеге енгізу 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады
АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Барлық статистикалық нысандарды ақпараттық жүйеге енгізу 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп жоспарлануда.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов осылай мәлім етті.
Төрағаның айтуынша, агенттікпен «е-Статистика» щеңберінде енгізілген басты жаңалықтардың бірі «Деректерді on-line режімінде жинау» ақпараттық жүйесі және «Талдау» ақпараттық талдау жүйесі болып табылады. «Біз өткен жылы енгізген «Деректерді on-line режімінде жинау» АЖ, респонденттерге агенттіктің сайтында Интернетте сандық қол таңба қолдану арқылы, статистикалық нысандарды толтыруға мүмкіндігін береді. Қазіргі кезде респонденттер онлайн режімінде 2 статистикалық нысанды, ал ағымдағы жылдың ортасынан бастап 65 статистикалық нысанын тапсыра алады. Барлық 140 статистикалық нысандарды аталған ақпараттық жүйеге енгізу 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп жоспарлануда», - дейді төраға.
Оның айтуынша, өткен жылдың мамыр айында қолданысқа мүлдем жаңа «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесі енгізілген болатын. Ол жүйе пайдаланушыларға тегін және де қолайлы кез келген уақытта екі тілдегі үлкен көлемді деректерді ыңғайлы үлгіде тез талдауға мүмкіндік береді.
«Ағымдағы уақытта жүйе 600-ден астам статистикалық көрсеткіштермен толықтырылды. Биылғы жылдың ортасына қарай көрсеткіштер 2000-ға жуық болады. «Талдау», Интернетке кіруге мүмкіндігі бар пайдаланушылар үшін статистика органдарымен жұмыс жасауға өте ыңғайлы құрал. Қазіргі кезде «Жеке кабинет», «Талдама» және «Автоматтандырылған жаңалықтар» модульдерін қолданысқа енгізу, сондай-ақ статистикалық көрсеткіштерді жүктеу жұмыстарын жүргізу аяқталуда. Бұдан басқа, пайдаланушыларға ақпаратты статистиканың салалары, «негізгі сөздер», жіктеуіштер және де өңірлер бойынша іздеу мүмкіндігі ұсынылған», - дейді төраға.