17:36, 04 Қараша 2009 | GMT +5
Баррозу: еуропалықтардың басым көпшілігі Ауғанстаннан әскерлердің шығарылуын қолдап отыр
АСТАНА. Қарашаның 4-і. ҚазАқпарат - Еуропалық елдер Ауғанстандағы көпұлттық әскери контингенттің қатарын көбейту мәселесіне «қуаныш білдіріп отырған жоқ».

Еуропалық комиссия басшысы Жозе Мануэл Баррозу сейсенбі күні Вашингтонда болған сапарының барысында осындай мәлімдеме жасады.
Ол еуропалық елдерде жүргізілген қоғамдық сауалнаманың мәліметтеріне сілтеме жасады, мәліметтерге сәйкес, респонденттердің басым көпшілігі Ауғанстаннан әскерлерді шығаруды қолдап отыр.
Ауғанстандағы АҚШ әскери контингенті 67 мың адамды құрайды. АҚШ-тың Ауғанстандағы коалиция бойынша басқа одақтас елдерінен келген әскерлерінің саны - 42 мың адам.
Баррозудың айтуынша, Ауғанстанға әскер жіберу туралы мәселе НАТО елдерінің сыртқы істер министрлерінің желтоқсан айындағы кездесуінде талқыланбақ.