Барсакелмес барса келетін жерге айналды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Кезінде Арал теңізінің ортасында орналасқан Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Kazinform тілшісі қорықтағы қоршаған ортаны қорғау жұмысына зер салып көрген еді.

қорық
Фото: Барсакелмес табиғи қорығы

Қорық құрлықпен шектесіп кетті

Кезінде Барсакелмес Арал теңізінің ортасында орналасқан арал ретінде көпке белгілі еді. Халық ұғымында «Барған адам қайта келмейді» деген түсінік болған. 

Табиғи қорықтың тарихы жүз жылға жуықтап қалды. 1929 жылы теңіз ортасында қоныс тепкен Барсакелмес аралында «Союзпушнина» аңшылық шаруашылығы құрылған.

Бұл мекеме аталған аралдағы жануарлар әлемі, бағалы құстар түрін көбейтуге мән берді. Мұнда ақбөкен, қарақұйрық және ірі құм балпағын алып келген.

1939 жылдан бері Барсакелмес мемлекеттік қорығы құрылып, теңіз аумағындағы қоршаған ортаны қорғау бағытында нақты істерге жол ашылды.

қорық
Фото: Барсакелмес табиғи қорығы

— Қорық жұмысы негізінен тұяқты жануарларға бағытталған. Ол шөлді жерлердің тұяқты жануарларын зерттеуге және сақтап қалуға жол ашты. Сондай-ақ оларды жаңа аумақтарға жерсіндіруге баса назар аударылды. Мәселен, қорықта 1953 жылы Түркіменстанның Бадхыз аумағынан құландар жерсіндірілген еді. Осы аумақта ғылыми бөлім «Табиғат жылнамасын» жүргізіп отырды. Оның беттерінде барлық табиғи құбылыс сипатталды. Қызметкерлер ішкі міндеттемемен бірге сыртқы ғылыми істермен де шұғылданды. Нақтырақ айтқанда, Барсакелмес Арал теңізінде болып жатқан көптеген процесті түсінудің моделі ретінде бағаланды. Сондықтан Арал теңізінің тартылуы оның маңыздылығын жоя қойған жоқ. Қорық қазақстандық типтегі жалғыз қорғалатын аумақ ретінде ерекшеленді, — деді мемлекеттік табиғи қорығының бас директоры Хамит Қаниев.

Оның айтуынша, Солтүстік Арал теңізі маңы табиғатының эталоны ретінде айшықталды.

Рас, теңіздің тартылуы салдарынан Барсакелмеске бару қиындап кетуі салдарынан қорық қызметі дағдарысқа ұшыраған уақыт кездесті. 

қорық
Фото: Барсакелмес табиғи қорығы

— 2000 жылдан кейін қорықтың айналасындағы теңіз жазықтығының айтарлықтай бөлігі ашылып кетті. Бұл қорықтың құрлықпен бірігіп кетуіне алып келді. Ол жабайы аңдар миграциясының қайта іске асуына мүмкіндік берді. Арал теңізінің кепкен табаны экожүйелердің флорасы мен фаунасының қалыптасу аренасына айналды, — деді мемлекеттік табиғи қорығының бас директоры Хамит Қаниев.

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының жалпы аумағы 163 мың гектардан асады. Қорықтың аумағы Кіші Арал теңізінің құяр сағасындағы «Дельта» учаскесін (2300 гектар) қосу арқылы ұлғайды.

Қазір қорық үш кластерлік жүйеден тұрады. Алғашқысы «Барсакелмес» учаскесіне қорықтың бұрынғы аумағы мен теңіздің кепкен табаны кіреді. Жалпы аумағы — 50 884 гектар. 

Ал 109 942 гектарды қамтитын «Қасқақұлан» учаскесіне құландардың мекен ету орны мен теңіздің кепкен табанында өсіп шыққан табиғи сексеуіл тоғайларының үлкен массиві енгізілген. Сондай-ақ қорық аумағында «Дельта» учаскесі орналасқан.

а
Фото: Барсакелмес табиғи қорығы

Құландар неге ауып кетті?

Мамандар Барсакелместе тұщы судың болмауынан жануарлар қорықтың басқа аумақтарына ауып кеткенін айтады.

Құландар Қасқақұлан аралының айналасындағы теңіздің кепкен табанында егілген сексеуіл тоғайын мекен ете бастады.

Ал қарақұйрықтар мен ақбөкендер шығыс жағалау бойынша миграциялады. Осыған орай 2006 жылғы ҚР Үкіметінің қаулысымен қорық аумағы он есеге ұлғайды.

Қорық аумағының кеңеюі экожүйелердің әркелкі типтері, топырақты-өсімдікті жамылғы, флора мен фауна түрлерінің барлығын қамтыды.

Оған қоса әртүрлі құрлықтық даму кезеңі бар кепкен табан учаскесін бақылауға мүмкіндік туды.

— Айта кетсек, қорықта жәндіктің өзі 12 отряд бойынша 2000 түрге жуықтайды. Қосмекенділерде жасыл және көлбақа мекен етеді. Бауырмен жорғалаушылардың 12 түрі болса, өрмекшінің 107 түрі кездеседі. Көгінде қалықтаған 250 құс түрінің 33-і еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген. Ал қорық аумағындағы су айдындарында балықтың 22 түрі бар. 2016 жылдың 19 наурызында ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы бағыттауыш кеңесінің шешімімен қорықта Барсакелмес биосфералық резерваты құрылды. Осылайша ол аталған халықаралық ұйымның әлемдік жүйесіне енді. Бұл резерват Еуразиядағы Тұран шөлейтінің солтүстік және орталық аймақ типіне кіретін экожүйелерді қорғайтын бірден-бір орын ретінде бағаланады, — дейді «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының экологиялық ағарту жөніндегі бас инженері Алма Есенова.

қорық
Фото: Барсакелмес табиғи қорығы

Жалпы Барсакелмес учаскесінің ұзақ уақыт бойы арал ретінде бөлек болуы қоршаған ортаға оң әсерін тигізді. Ол өсімдіктер қауымдастығының толыққанды флористикалық құрамы мен экологиялық жағдайдың табиғи балансына ықпал етті.

Тұрақты құрылымы негізінде өзінің антропогендік-аналогтары бойынша ерекшеленетін түпкілікті экожүйесінің байырғы қалпында сақталуына негіз қалады.

Ал 2012 жылы Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенің құяр сағасы Халықаралық Рамсар конвенциясымен қорғалатын сулы-батпақты өңірлер тізіміне енді.

2023 жылдың қыркүйегінде Барскелмес қорығы «Тұран шөлдері» номинациясында ЮНЕСКО-ның әлемдік және мәдени мұрасы мәртебесіне ие болды. Оның басты ерекшелігі ретінде қайталанбас табиғи кешендердің біртұтастығы мен қауіпсіздігін сақтауға қосымша кепіл болады.

Былтыр қорық республикалық «Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясының қорытындысы бойынша екінші орын алды. Бұл шара еліміздің ерекше қорғалатын табиғи аумақтары арасында өткізілген еді. Сондай-ақ қорық Қазақстан Президентінің қолдауымен жүзеге асатын «Елім-ай» сыйлығының алғашқы иегерінің бірі атанды. 

Мамандар Аралдың тартылуы Барсакелмес қорығының тыныс-тіршілігіне өзгеріс алып келгенін айтады. Соған қарамастан ол теңіздің табиғи жауһары ретінде бағаланады.

Қазір Барсакелмес Арал теңізі өңірінің геоморфологиялық жүйесінде аралдың қалдығы ретінде ерекшеленіп отыр.

Қорықтың ғылым, ақпарат, монитоинг және экологиялық ағарту бөлімі бес тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

а
Фото: Барсакелмес табиғи қорығы

Жүгірген аң, ұшқан құс

Алдағы жылы алпыс жасқа толатын Рүстем Алдамжаров қорықшы- мемлекеттік инспектор қызметін атқарып келе жатқанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Жүгірген аң, ұшқан құс және өсімдіктер әлемін жіті назарда ұстап келе жатқан маманның айтары да емес.
Кезінде бұл аймақта қазақтың құланы мекен еткен еді.

Алайда тоқсан жылдай бұрын олардың соңғы тұяғы көзден ғайып болды. Мамандардың айтуынша, қазіргі құландар 1953 жылы Түркіменстанның Бадхыз қорығынан жеткізілген. Бұл жануардың жылқы мен есектен өзгеше қасиеттері бар.

Олардың бәрі бір түсті болады. Құландар сағатына 60-70 шақырымға дейін қашықтықты бағындыра алады. Құлындайтын уақытта жұрт көзінен таса болуға тырысады. Өте күшті, айлакерлігімен көзге түседі. 

а
Фото: Барсакелмес табиғи қорығы

— Өздеріңіз білетіндей, содан бергі уақытта аталған жануар Арал теңізі аумағына бауыр басып, қоршаған ортаның құндылығы ретінде бағаланып отыр. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында құландар популяциясының бір бөлігі «Алтын емел» ұлттық паркіне қоныс аударылды. Оған басты себеп — тұщы судың аздығы, теңіз суының тұздылығының артуы. Қазір олардың аралдық популяциясының қалған бөлігі жыл сайын артып келеді. Биылғы санақ бойынша олардың саны 861 басқа жетіп отыр. Сондай-ақ мұнда қарақұйрықтар 1929 жылы жерсіндірілген. Алғашқыда жеткізілген небәрі 9 бас қарақұйрық арада жиырма жылдай өткенде 2000 басқа жеткен еді. Десе де олардың табиғи және қолайсыз ауа райы салдарынан азайып кетуі тіркелді. 2024 жылы Барсакелмес аралында 298 қарақұйрық есепке алынды Қарақұйрықтың сирағы ұзын әрі жіңішке, сымбатты жануар. Соған қарамастан жануар шөлді аймақта ұзақ уақыт өмір сүруге әбден бейімділген. Тіпті ұзақ уақыт бойы сусыз да жүре алады. Көктем мен жаздың алғашқы жартысында шағын топ ретінде көзге ұшырасады. Ал күз бен қысқы мезгілде олардың саны бірнеше жүз басқа дейін жетеді, — деді ол бізбен әңгімесінде.

қорық
Фото: Барсакелмес табиғи қорығы

Әңгіме барысында Рүстем Алдамжаровтан Барсакелмес қорығындағы құстар әлеміне жайында сұрап білдік.

Айтуынша, Кіші Арал теңізі еліміздегі негізгі орнитотологиялық аумақтары тізіміне енгізілген. Бұл аумақ құстардың көшу жолдарындағы мыңдаған аялдама орындары ретінде маңызды рөл атқарады. 

— Мұнда жылдың әр мезгілінде құстардың әртүрлі тұқымдасына жататын 250-ге дейін түрі кездеседі. Оның ішінде 100-ге тарта түрі ұя салады. Жалпы еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген 57 құстың 33-і қорық аумағында кездеседі, — деді қорықшы. 

Барсакелмес қорығындағы Борщов қызғалдағы Қызылқұм аймағында және Арал өңіріндегі құмды шөлдерде өседі. Мамандар көзге өте әдемі болып көрінетінін айтады.

Дегенмен өте сирек кездеседі. Сондықтан аталған өсімдік еліміздің «Қызыл кітабына» енгізіліп, арнайы қорғауға алынған. Қызғалдақ сәуір-мамыр айларында гүлдейді. Ол құмды, шөлді аймақтарда өседі. 

Сондай-ақ мұнда борпылдақгүлді балқаңбақ, селеу, татар шөпжияры, жусан, сарсазан, ақ таспа, қалқанжапырақты батпақгүл, сексеуіл, тікенбұта, Беланжер қарабарағы секілді өсімдіктер кездеседі.

қорық
Фото: Барсакелмес табиғи қорығы

 

Соңғы жаңалықтар