Барсакелмес құстары табиғи өзгеріске бейімделіп келеді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Арал теңізінің тағдырымен тығыз байланысты Барсакелмес – табиғаты сан алуан, экологиялық маңызы жоғары аймақ.

құс
Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

Қорықтың кең даласы, шөлді алқаптары мен су маңындағы табиғи ортасы құстардың көптеген түріне мекен болып отыр. Бұл өлке – жыл құстары аялдайтын, бірқатары ұя басып, ұрпақ өрбітетін маңызды аумақ. Сондықтан Барсакелместің құс фаунасын зерттеу мен сақтау табиғи мұраны қорғаудың ажырамас бөлігі саналады.

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы
Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

Мемлекеттік қорық 1939 жылы құрылған. Бастапқыда аралдың аумағы 180 шаршы шақырым болған. Алайда Арал теңізінің тартылуына байланысты ол біртіндеп ұлғайып, табиғи ландшафттар өзгеріске ұшырады.

- 2020 жылы қорық аумағы кеңейіп, оған Сырдария өзенінің Кіші Аралға құятын атырау учаскесі қосылды. Қазіргі таңда қорықтың жалпы аумағы – 163 126 гектар. Қорықтың табиғи экожүйелері Арал теңізінің құрғаған табанында қалыптасқан Аралқұм шөлінің жағдайында дамып келеді. Бұл аумақ табиғи ортаның өзгеруіне байланысты өсімдіктер мен жануарлар дүниесінде жүріп жатқан бейімделу үдерістерін зерттеуге мүмкіндік береді. Атырау маңы экожүйелерінің тұрақтылығы Кіші Арал теңізіндегі су деңгейіне тікелей байланысты. Ал теңіздегі су деңгейі Сырдария өзенінің гидротораптары арқылы жіберілетін су көлемін реттеуге тәуелді. Су деңгейінің тұрақтылығы сулы-батпақты алқаптардың сақталуына, құстардың қоректенуіне және көбеюіне қолайлы жағдай қалыптастырады. Сондықтан су режимін сақтау – қорықтағы биоалуантүрлілікті қорғаудың маңызды бағыттарының бірі, - деді қорықтың бас экологиялық ағарту инженері Алма Есенова.

құстар
Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

2026 жылғы күзгі құстар санағы нәтижесінде 18248 құс тіркелді. Жалпы саны 250 түрлі құстардың 33 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген, ал 17 түрі индикаторлық санатқа жатады. Санақты 12-15 қазан аралығында ғылыми бөлім қызметкерлері мен мемлекеттік инспекторлар жүргізді.

құстар
Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

Зерттеу экспедициясы Арал – Қаратерең – Барсакелмес – Қасқақұлан – Көкарал бағытын қамтыды. Мамандар құстарды автокөлікпен, моторлы қайықпен және 15 шақырым аралықты жаяу жүріп бақылаған. Далалық жұмыс кезінде ауа температурасы күндіз +25 градусқа дейін көтеріліп, солтүстік-батыстан қатты жел соққан.

құс
Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

- Есепке алу қорытындысы бойынша тіркелген құстар 18 отряд пен 50 тұқымдасқа топтастырылды. Оның 102 түрі қорық аумағында ұя салады, 147 түрі көші-қон кезінде кездеседі. Тағы бір түрі кездейсоқ ұшып келген құстар қатарында. Әдеби деректер мен далалық бақылауға сәйкес Барсакелмес қорығы мен оған іргелес аумақтарда жылдың әртүрлі маусымында 250-ге дейін құс түрі кездеседі. Олардың 100-ге жуық түрі осы аумақта ұя салады. Құстар популяциясының басым бөлігін сулы-батпақты алқаптарды мекендейтін түрлер құрайды. Олардың үлесі – шамамен 70 пайыз. Шөл экожүйелерін мекендейтін құстардың үлесі 20 пайыз болса, тоғайлы аумақтарды 10 түрлі құстар мекендейді, - деді Алма Есенова.

құс
Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

Маманның айтуынша, қорық аумағында сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар құстар да тіршілік етеді. Мұнда қызғылт және бұйра бірқазан, қоқиқаз, ақкөз сүңгуір, аққұйрықты субүркіт, сұр тырна, сұлу тырна және басқа да сирек түрлер кездеседі.

құс
Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

Сулы-батпақты, әсіресе, таяз сулы алқаптар қоныс аударатын құстар үшін ерекше маңызға ие. Олар мұнда тынығып, қоректеніп, түлейді. Ал қорыққа іргелес шөлді аумақтар бұлдырықтар мен өзге де шөл құстарының тіршілік етуі үшін қолайлы.

құстар
Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

- Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген 57 құс түрінің 33-і Барсакелмес қорығы аумағында кездеседі. 2022-2025 жылдардағы санақ кейбір түрлердің популяциясында өзгерістер бар екенін көрсетті. Мәселен, сұр тырнаның саны 2022 жылғы 400 дарақтан 2025 жылы 433 дараққа дейін артқан. Қызыл жемсаулы қаз саны да осы кезеңде 5-тен 18 дараққа жеткен. Қарақұстың саны 35-тен 41-ге, дала қыраны 40-тан 51-ге дейін өскен. Ал кейбір түрлердің саны азайған. Атап айтқанда, қызғылт бірқазан саны 2023 жылы 1372 дарақ болса, 2025 жылы 841 дарақты құраған. Бұйра бірқазан саны да 2023 жылғы 1210 дарақтан 2025 жылы 769 дараққа дейін төмендеген. Мұндай өзгерістерді бағалау үшін құстардың санын тұрақты бақылап, олардың мекен ету ортасының жағдайын зерттеу маңызды, - деді қорық қызметкері.

в
Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

Табиғаты ерекше, биоалуантүрлілігі бай аймақта ұзақ мерзімді мониторинг жүргізіледі. Зерттеу аумағында шөлді және сулы-батпақты экожүйелерге тән құстар кездеседі.

ы
Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

Бұл құстар табиғи ортаның жағдайын сипаттайды. Олардың таралуы мен саны экожүйедегі өзгерістерді бағалауға мүмкіндік береді.

құс
Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

- Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) қызыл тізіміне енген, жаһандық деңгейде жойылып кету қаупі бар 13 құс түрі де қорық аумағында кездеседі. Олардың қатарында бұйра бірқазан, қызылжемсаулы қаз, ақбас үйрек, ақкөз сүңгуір, ителгі және жекдуадақ бар. Индикаторлық түрлердің саны мен таралуындағы өзгерістер табиғи ортаның жағдайын бағалауға мүмкіндік береді. Әсіресе, сирек кездесетін және саны азайып бара жатқан құстарды тұрақты бақылау олардың популяциясын сақтауда маңызды рөл атқарады. Далалық зерттеу арқылы біз құстардың түрлік құрамын, санын және таралу ерекшеліктерін анықтаймыз. Осылайша сирек түрлерді қорғау, табиғи мекен ету ортасын сақтау және Арал өңіріндегі биоалуантүрліліктің жай-күйін бағалауға болады, - деді Алма Есенова.

құстар
Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

Бұған дейін біз Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығында өткен күзгі санақ қорытындысын жарияладық.

құстар
Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы
а
Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы
құстар
Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы
құс
Фото: Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы