Барселонада жаппай тәртіпсіздіктер басталды, 100-ге жуық адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — 24 қазан, сенбі күні кешке Испанияның Барселона қаласында жастар наразылық акциясын ұйымдастырып, оның арты полициямен қақтығысқа ұласты, қала орталығында өрт тұтанып, дүкендер тоналды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Массовые беспорядки произошли в центре Барселоны: задержано около 100 человек
Фото: freepik

Каталония ішкі істер министрі Нурия Парлонның айтуынша, шамамен 100 адам ұсталды, олардың төрттен бірі кәмелетке толмағандар.

Наразылардың көпшілігі қара киім киіп, беттерін жауып, қоқыс жәшіктерін, велосипедтер мен мотоциклдерді өртеп, қалалық инфрақұрылымды бүлдіріп, Plaza de Catalunya аумағындағы дүкендерді тонаған.

Барлығы 30-дан астам жерге өрт қойылып, 14 дүкен тоналып, зақымдалған.
Наразылық акциясы әлеуметтік желілер арқылы «Institut Indignats» (Ашулы лицейлер) ұранымен ұйымдастырылды. Осылайша, Францияда басталған наразылық толқыны Каталонияға да жетіп отыр.

Алайда, Испаниядағы наразы топ тарапынан нақты талаптар айтылған жоқ, олар жалпы жүйеге қарсы екенін білдіріп жүр. Полиция жиналғандарды тарату үшін күш қолданды. El Corte Inglés универмагы секілді дүкендер есігін жабуға мәжбүр болды, кейбір дүкендерде тіпті сатып алушылар қалып қойған.

Барселона мэрі Жауме Коллбони вандализм жазасыз қалмайтынын және оның салдары ересек қатысушыларға да, кәмелетке толмағандардың ата-аналарына да оңайға соқпайтынын мәлімдеді. Каталония билігі бұл оқиғаны айыптап, тәртіпсіздіктерді ұйымдаспаған топтар жасағанын атап өтті.

Барселонадағы оқиғаларға дейін Еуропаның бірқатар елінде әлеуметтік шиеленіс артқан болатын. 

Сенбіде Италия мен Францияда жаппай наразылыққа байланысты қауіпсіздік күшейтілді.

Париж көшелеріне 110 мың адам наразылық шеруіне шықты.