Барымташылар шекарада ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тараз шекара отрядына қарасты «Сыпатай батыр» заставасының шекарашылары «КамАЗ» жүк көлігімен 9 жылқыны қырғыз жерінен заңсыз өткізбек болып жатқан 2 отандасымызды ұстады.
Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен хабарлады.
Оқиғаны нақтырақ айтар болсақ, өздеріне бекітілген шекара бөлігін қарап келе жатқан шекарашылар мемлекеттік шекараны кесіп өткен жылқылардың ізін байқайды. Тез арада із бойынша іздестіру жұмыстары жүргізіледі, көп ұзамай шекарадан 600 метр жердегі Қасқасу сайының ішінен жылқыларды қуалап келе жатқан үш салт атты байқалады. Қардың қалыңдығы, ойлы-қырлы жер барымташылардың соңынан қуалауды қиындата түседі. Барымташылардың ойын сезе қойған шекарашылар Қасқасудың шыға берісіне қарай, яғни Қызылсай ауылына қарай бағыт ұстайды. Олар осы жерде жылқыларды «КамАЗ» машинасына тиеп жатқандардың үстінен түсті.
Нарядты байқап қалған барымташылардың үшеуі шекарашылардың талабын орындамастан тұра қашып бой тасалады, екеуі машинамен сытылып кетпек болды. Шекарашылардың амал жоқ, қару қолдануына тура келді, бір оқ аспанға, екі оқ машинаның дөңгелегіне қарай атылды.
Қару қолдану кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Барымташылар жылқыларымен бірге ұсталды.
Аталған дерек бойынша құқыққорғау органдары хабарландырылды, тергеу амалдары жүргізілуде.