«Барыс» хоккейшілері Ақкөлдегі балалар үйінің тəрбиеленушілерімен жолдастық кездесу өткізді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Астаналық "Барыс" хоккейшілері Ақкөлдегі балалар үйінің тəрбиеленушілерімен кездесті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі аудан əкімінің баспасөз қызметіне сілтемемен.

«Барыс» хоккейшілері Ақкөлдегі балалар үйінің тəрбиеленушілерімен жолдастық кездесу өткізді

Жаңа жыл қарсаңында  астаналық  «Барыс»  хоккей клубы  Ақкөл ауданында болды.  

барыс  

Аудан әкімі Теміржан Қанатовтың арнайы шақыруымен келген «Барыс» ХК негізгі құрамының 10 ойыншысы мен команда тұмары «Барсик» және клубтың вице-президенті Арман Нұрымбетов осындағы №1 Ақкөл балалар үйінің тəрбиеленушілерімен  кездесті.

Хоккей жұлдыздары балалар үйіне команданың спорттық жейделері,  хоккей таяқшалары, шайбалары тəрізді өздерінің фирмалық киімдері мен жабдықтарын сыйға тартты.

Балалар өздері жанкүйерлік танытып жүрген кəсіби спортшыларға концерттік бағдарламасын ұсынды.  Түрлі қызықты сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Шара соңында барыс хоккейшілері балалар үйінің тәрбиеленушілерімен жолдастық кездесу өткізіп, буллит қызығына беріліп кетті. Жасөспірімдер бұл кездесуден үлкен ләззат алып, көпшілігі болашақта «Барыс» клубының құрамына мүше болу үшін жан аямай жаттығатындарын жасырмады.