«Барыс» клубының жетекшісі Назаров Қазақстан құрамасын жаттықтырмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Барыс» клубының жетекшісі Андрей Назаров Қазақстан құрамасының бас бапкері лауазымына тағайындалмақ.

«Барыс» клубының жетекшісі Назаров Қазақстан құрамасын жаттықтырмақ

Ресейлік маман Андрей Назаров Қазақстанның хоккей федерациясы атқарушы комитетінің отырысында Қазақстан хоккей құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалады, деп жазады Sportbox.ru.

«Бұл - шешілген мәселе. Қазақстан құрамасы мен оның базалық клубы «Барыстың» бас бапкері лауазымын қатар атқару - қалыптасқан тәжірибе», - дейді Қазақстанның хоккей федерациясының жауапты хатшысы Глеб Каратаев. «Ресми тағайындау тамыздың соңында, қыркүйектің басында атқарушы комитетінің отырысында өтеді».

Айта кету керек, А.Назаров бұның алдында «Донбасс» клубы мен Украина құрамасын жаттықтырған болатын. 30 шілде күні ол Украина құрамасының бас бапкері лауазымынан кету жөнінде өтініш тастаған. Бір күннен кейін Украинаның хоккей федерациясы бұл маманмен арадағы келісімді үзді.

40 жастағы бапкер «Барыс» клубын маусым айынан бері жаттықтыруда. Одан бұрын ол Ресейдің «Трактор», «Витязь» бен «Северсталь» командаларына жетекшілік етті.