«Барыс» командасы шешуші ойында жеңіліс тапты
АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Кеше кешқұрым Құрлықтық хоккей лигасы аясында плей-офф сериясындағы тартыста астаналық «Барыс» магнитогорлық «Металлургпен» болған соңғы шешуші ойында 2:1 есебімен жеңіліс тапты.
Осылайша, елордалық хоккейшілер Гагарин кубогі жолындағы биылғы маусымдағы тартысын аяқтады.
Ал «Барыстың» қарсыласы «Металлург» келесі кезеңге өтуге мүмкіндік алды.
Айта кетейік, қос команда арасында плей-офф сериясындағы тартыс 7 ойынға дейін созылды. Кешегі ойын барысында астаналықтар тегеурінді қарсылық көрсетті. Кездесудің үш кезеңінің нәтижесі бойынша екі команда 1:1 есебімен тең түсті. Алайда, осыдан кейінгі қосымша уақытта, яғни овертаймда магнитогорлықтар шешуші шайбаны салып, ойынды өз пайдаларына аяқтады.