«Барыс» осы маусымдағы отызыншы жеңісіне қол жеткізді
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстандық "Барыс" Құрлықтық хоккей лигасы аясында Астанада мәскеулік "Спартакты" қабылдап, қарсыластарын 4:2 есебімен тізе бүктірді.
Бірінші болып астаналық команда есеп ашты. Найджел Доус жетінші минутта Дастин Бойд берген пасты голға ұластыра білді. Екінші жиырмаминуттықта Андрей Сергеевтің белсенділігі арқасында қонақтар есепті теңестіре алды. Алайда олардың қуанышын 27-минутта Талғат Жайлауов су сепкендей басты. Бұл - оның осы маусымдағы оныншы голы. Алты минуттан соң Доус дубль авторы атанып, есепті 3:1-ге жеткізді. Ал ойынның 48-минутында "Барыстың" жаңа ойыншысы Зак Хэмилл қазақстандық жанкүйерлерді тағы бір қуантты. "Спартак" хоккейшілері ойынның соңына қарай тек бір гол сала алды. Оның авторы - Алексей Гришин. Айта кетейік, бұл "Барыстың" осы маусымдағы отызыншы жеңісі.