«Барыс» сырт айдында Құрлықтық хоккей лигасындағы азулы қарсыласын тізе бүктірді
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін кешқұрым «Барыс» сырт айдында Құрлықтық хоккей лигасындағы Санкт-Петербордың «СКА» командасын ұтты.
Атап айтқанда, ойын қорытындысы бойынша астаналықтар 5:2 есебімен айқын басымдықты көрсетті. Ойынның үш кезеңінде де «Барыстың» тегеурінді шабуылына Санкт-Петербордың хоккейшілері қарсы тұра алмады.
Құрлықтық хоккей лигасы аясында «СКА» алда келе жатыр. Лиганың Батыс конференциясында ол 85 ұпай жинап, турнирлік кестеде бірінші тұр. Ал осы жеңістен кейін «Барыс» 65 ұпаймен Шығыс конференциясында 6 орынға тұрақтады.
ҚХЛ-дің тұрақты чемпионатында қарсыластар 8 рет кездесіп, оның алтауында «СКА» жеңіске жеткен еді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандағы сайлауға байланысты «Барыс» ХК мен Санкт-Петербордың «СКА» командасы арасындағы матчтың өткізілу орны ауыстырылды.
Аталмыш кездесу 15 қаңтарда «Қазақстан» спорт сарайында өтуі тиіс болатын.
15 қаңтарда «Қазақстан» спорт сарайында жоспарланған шараларға байланысты «Барыс» хоккей клубы өз айдынында «СКА» командасын қабылдай алмады. ҚХЛ келісімімен матчты Санкт-Петерборда өткізу туралы шешім қабылданды.
Клубтың мәлім етуінше, жанкүйерлердің «Барыс» ойынына сатып алған билеттерді кассаларға өткізіп, толық құнын қайтарып алуларына болады.
Еске сала кетейік, 15 қаңтар күні Қазақстанда партия тізімі бойынша, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын, сонымен қатар мәслихаттары депутаттарын сайлау өтті.. «Қазақстан» спорт сарайында Астана қаласының «Алматы» ауданына жататын №71 сайлау учаскесі орналасқан.
«Барыстың» келесі кездесуі 17 желтоқсанда өз айдынында Риганың «Динамо» командасымен өтеді.