«Барыстың» бүгінгі қарсыласы - «Нефтехимик»

АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының «Барыс» хоккей клубы сырт алаңда «Нефтехимик» (Ресей, Нижнекамск) командасымен кездеседі.

«Барыстың» бүгінгі қарсыласы - «Нефтехимик»

Жалпы, Құрлықтық хоккей лигасы аясында екі команда 13 рет кездесіп, соның жетеуінде «Нефтехимиктің» жолы болса, алтауында «Барыс» басым түсті. Ал биылғы чемпионат аясында «Қазақстан» спорт кешенінде өткен соңғы ойында «Барыс» 5:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Сол матчтан кейін «Нефтехимиктің» бас бапкері Владимир Крикуновтың отставкаға кеткені бар. Өткен жылғы чемпионатта ол «Барысты» жаттықтырып, Қазақстанның хоккей құрамасын топ-дивизионға шығарды. Алайда біз Сочи Олимпиадасына өтпей қалдық.

Құрлықтық хоккей лигасының жалпытурнирлік кестесінде «Барыс» (67 ұпай) - төртінші орында. Ал «Нефтехимик» 38 ұпаймен 21-ші орында келеді.

Айта кетейік, бүгінгі ойын Астана уақыты бойынша кешкі сағат 21:00-де басталады. Оны «KAZsport» телеарнасы тікелей эфир арқылы көрсетпек.