«Барыстың» ең қымбат ойыншысы

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат - «Барыс» хоккей клубында өнер көрсететін үш ойыншының жалақылары анықталды. Команданың және ұлттық құраманың көшбасшысы Николай Антроповтың айлығы 2,7 миллион АҚШ долларын құрайды екен. Америкалық легионер Брэндон Боченски 1,4 миллион доллардан тапса, Найджел Доустың жалақысы 1,3 миллион «көкқағазды» құрайды. Хоккейшілердің жалақысын Ресейдің «Спортс.ру» сайты анықтапты.

«Барыстың» ең қымбат ойыншысы

Нақты айтсақ, Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін ойыншылардың жалақыларын есептеген «Спортс.ру» ең көп табыс табатын 90 хоккейшінің тізімін жасап шығарыпты. Ал бастаманың себепшілері клубтың менеджерлері екен. Сондай-ақ ойыншылардың агенттері мен хоккейшілер де рейтингті жасауға өз үлестерін қосып, мәліметтерімен бөліскен. Жалпы, рейтингте спортшылардың салық төлегенге дейінгі жалақылары көрсетілген.

Сонымен, рейтингтегі 90 хоккейшінің 14-і Санкт-Петербургтің СКА коман­да­сында ойнайды. ЦСКА (Мәскеу), «Салават Юлаев» (УФА), «Авангард» (Омск) клубтарының 9 ойыншысы, «Ак Барс» (Қазан), «Трактор» (Челябинск), «Динамо» (Мәскеу) командаларының сегіз ойын­шысы және «Металлургтің» (Магнитогорск) 6 ойыншысы рейтингке енсе, «Барыстың» үш хоккейшісі тізімнен көрінген. 2,7 мил­лион доллар табатын Антропов 22-орында, Брэндон Боченски 73-81 орындарда болса, Найджел Доус 82-90 орындарда. Ал ҚХЛ-да ең көп айлықты СКА сапындағы Илья Ковальчук алады екен. Оның жала­қысы - 10,3 миллион доллар. Рей­тинг­те барлығы 18 клубтың ойыншысы бар, деп жазады "Алаш айнасы" газеті.