«Барыстың» канадалық қорғаушысы Қазақстан азаматтығын алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Барыстың» канадалық қорғаушысы Даррен Диц Қазақстан азаматтығын алды, енді ол Астанада өтетін Әлем чемпионатына қатыса алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «SPORTINFORM» САА-ға сілтеме жасап.

«Барыстың» канадалық қорғаушысы Қазақстан азаматтығын алды

«Диц Қазақстан азаматтығын алды. «Барыстың» бес хоккейшісін Астанадағы Әлем чемпионатында ойнату жоспарланып отыр. «Барыстың» тағы басқа легионерлеріне азаматтық беру жағы әлі талқыланған жоқ», - деді Қазақстан хоккей федерациясының жауапты хатшысы Глеб Қаратаев.

Еске сала кетейік, Даррен Диц 59 ойында 52 ұпай (15+37) жинап, ҚХЛ-ның үздік сұрмерген-қорғаушысы болып тұр. Бұған дейін швед Хенрик Карлссон, америкалық Брэндон Боченски, канадалықтар Дастин Бойд пен Кевин Даллмэн Қазақстан азаматы атанған болатын.

Бірінші дивизион командалары арасындағы Әлем чемпионаты Астанада 25 сәуірден 5 мамырға дейінгі аралықта өтеді. Қазақстан құрамасынан тыс, элитаға қатысу үшін Беларусь, Венгрия, Литва, Словения және Оңтүстік Корея командалары да бақ сынап көреді.