Бас әскери прокурор Үкімет жанынан әскери-патриоттық тәрбие орталығын ашуды ұсынды
АСТАНА. 28 қараш. ҚазАҚпарат - Қазақстанның Бас әскери прокуроры Ерғали Мерзадинов өкілетті органдарға Үкімет жанынан Әскери-патриоттық тәрбие орталығын ашудың қажеттілігін зерттеп-зерделеуді ұсынды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Мұндай ойды ол бүгін өткен әскери басқару және қылмыстық қудалау органдары Үйлестіру кеңесінің және Бас әскери прокуратураның жанындағы Қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы барысында айтты.
Бірлескен отырысты ашқан Ерғали Мерзадинов ҚР Қарулы Күштері, басқа әскерлері мен әскери құралымдарының имидждік саясатын жүзеге асырудың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық шаралардың жеткіліксіздігі жағдайында, осындай форматтағы отырыстардың маңыздылығы зор екендігін атап өтті.
Бас әскери прокурор өз сөзінде әскери ведомстволардың бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым-қатынасының жекелеген мәселелеріне тоқталды, ведомстволық баспасөзді оқуға деген қызығушылықтың азайғанын, сондай-ақ уәкілетті органдардың жұмысындағы шақырылымға дейінгі жастармен жұмысты ұйымдастырудағы елеулі кемшіліктерді тілге тиек етті.
Бас әскери прокурордың пікірінше, әскердің имиджін көтеру үшін Қарулы күштерді насихаттаудың кешенді бағдарламасын енгізу керек. Оның айтуынша әскери-патриоттық газеттердің ребрендингі маңызды. Ведомстволық сайттардың жұмысы жетілдіруді қажет етеді.
Е. Мерзадиновтің ойынша, идеологиялық экстремизмге қарсы тұру үшін жалпы әскери-патриоттық блокқа бұдан әрі бірігуі және мемлекет тарапынан қолдау қажет. Осы ретте, Бас әскери прокурор уәкілетті органдарға Үкіметтің жанындағы әскери-патриоттық тәрбиелеу Орталығын ашуды, алғашқы әскери дайындық сабақтарының сағат санын көбейтуді, әскери-қолданбалы спорт түрлерін және әскери-спорттық инфрақұрылымның нысандарын дамыту ұсынды.
Осы сұрақтарды талқылау барысында жиынға қатысушылардың бірқатар бастамалары қаралып, қолдау тапты.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын ашу және тергеудің, олардың алдын-алу және профилактика жасау шараларының тиімділігі заңдылығының жай-күйі жіті талданды.
Отырысқа қатысушылар мемлекеттік сатып алу және Мемлекеттік шекараны қорғау салаларындағы сыбайлас жемқорлықпен күресті, оның ішінде жаңа технологияларды дамыту жолымен күшейту қажеттігі туралы пікірмен бірауыздан келісті.