Бас-аяғы 238: Бас прокуратура қаңтарда қаза тапқандар санын қайта еске салды

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокуратурасы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қайтыс болған азаматтардың нақты санын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас-аяғы 238: Бас прокуратура қаңтарда қаза тапқандар санын қайта еске салды

«Әлеуметтік желілерде қаңтар оқиғасында қаза болған азаматтардың санына сенімсіздік танытқан жазбалар жарияланды. Жаппай тәртіпсіздік кезінде 238 азамат қайтыс болды деп ресми түрде мәлімдейміз. Әрбір өлім фактісі бойынша тергеу органдары сотқа дейінгі істі тіркеді. Қаза тапқандар туралы біздің дерек сенімді, жүргізілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде қайта тексерілді. Осы орайда жалған ақпарат таратқандарға жауапкершілік барын еске саламын», - деді ҚР Бас прокуратурасы 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов ОКҚ-де өткен брифингте.

Сондай-ақ, аталған ведомство өкілі адам шығынынан бөлек, нысандар мен мекемелерге залал келгенін айтты.

«Жаппай тәртіпсіздіктер болған қалаларда 1 466 ғимарат пен мекеме қирады. Оның ішінде 1 395 бизнес нысаны және 71 мемлекеттік мекеме. Айтар болсақ, 5 қаңтар сағат 6.00-ден 23.00 аралығында Алматыда қала әкімдігіне, резиденцияға, әуежайға, «Хабар», «Қазақстан», «Мир 24» телеарналарының кеңселеріне шабуыл жасалды. Сонымен қатар құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқармасы ғимараты қиратылды», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қаңтар оқиғасына қатысқан 1 мыңнан астам адамға рақымшылық жасалды.