Бас бостандығынан айыру орындарында отырып, алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топ құрықталды

АСТАНА. Наурыздың 17-сі ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астаналық тәртіп сақшылары бас бостандығынан айыру орындарында отырып, алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топты құрықтады.

Бас бостандығынан айыру орындарында отырып, алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топ құрықталды
Бұл туралы бүгін осы мәселеге байланысты журналистермен болған баспасөз мәслихатында Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Жанат Битенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның сөзіне қарағанда, қылмыскерлер жымысқы әрекеттерін белгілі сценарий бойынша жүргізген. Олар ұялы телефон арқылы алдын-ала жоспарланбаған белгілі бір телефон нөмірін алып, оның иесіне бауырларының бірінің немесе баласының істі болып, болмаса басқадай қиын жағдайға тап болғандығын хабарлап, белгілі бір сомада қаржы әкелуді талап етеді. Ал телефон иесі жақындарының бақытсыздыққа ұшырағандығы естіп, алаяқтар талап еткен қаржыны алып, белгіленген орынға келеді. Арбауға түскен азаматтың қаржысын иемденген алаяқтар із-түзсіз жоғалады. Олар тарапынан ұйымдастырылған жымысқы әрекеттердің тағы бірі -баспасөз басылымдарындағы жарнамалар арқылы жүргізілген. Бұл тәсіл бойынша алаяқтар азаматтардың қандай-да бір құжаттарын жоғалтқандықтары жөніндегі жарнаманы алып, оның иесіне телефон шалады. Ал құжаттарының табылғандығын естіген азамат оны қайдан алу қажеттігін келіседі. Оған жауап ретінде алаяқтар ақшалай сыйлық немесе ұялы телефонға ақша салуды талап етеді. Ал өздеріне керектерін алған соң алаяқтар тағы да іздерін жасырады. Ішкі істер департаменті бастығы орынбасарының мәліметтеріне қарағанда, 3 адамнан тұратын қылмыстық топ өкілдері бұл әрекеттерін қаладағы бас бостандығынан айыру орындарында отырып, жүзеге асырып келген. Ал бостандықта олардың тағы 4 сыбайласы болған. Олар тәртіп сақшыларының қолына түскенге дейін, осындай 54 әрекетті жүзеге асырған. Азаматтарға келген шығынның көлемі 1,5 миллион теңгені құрап отыр. «Біз 3 айы бойы олардың ізін аңдып, қолға түсірдік. Іздестіру шаралары оңай болған жоқ. Өйткені, алаяқтардың әрекеттерін анықтап, олардың нақты жұмыс жүйесін білу үшін біршама уақыт қажет болды. Қазір осы қылмысқа қатысты азаматтардың барлығы қамауға алынып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр», деді Ж.Битенов.