Бас хатшы барлық елдерді Қазақстаннан үлгі алуға шақырады - республикалық басылымдарға шолу
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымы өз құрылымдарын Аралды қалпына келтіруге жұмылдыратын болады. Бұл мәлімдемесін жаһандық ұйымның көшбасшысы Пан Ги Мун кеше, Ақородада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі кезінде жасады. «Арал теңізінің көрінісі мені есеңгіретіп жіберді. Экологиялық апаттың осынша өріс алуы метті қатты қайран қалдырды», депті мәртебелі мейман өз сөзінде. Бұл орайда ол қазақ елінің Аралды құтқаруда көп іс тындырғанын атап өткен. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстанның БҰҰ идеалдарын ұстанатындығын мәлімдеген. «Сізді біз әлем үшін, қарусыздану үшін көп еңбек сіңірген адам әрі біздің еліміздің досы ретінде танимыз. Сізге ең алдымен, Аралда да, Семей полигонында да болып, халқымыз бастан кешкен апатты өз көзіңізбен көргеніңізге алғысымызды білдіреміз. Бұлар - бізді қатты алаңдататын, жаһандық ауқымдағы экологиялық апаттар. Бұл - бүкіл тарихтағы БҰҰ Бас хатшысының осы қасіретті нысандарға жасаған тұңғыш сапары!», депті Мемлекет басшысы. «Бас хатшы барлық елдерді Қазақстаннан үлгі алуға шақырады» деген тақырыппен берілген мақаланың толық нұсқасын басылымның бейсенбілік нөмірінен, сондай-ақ «Казахстанская правда», «Литер», «Экспресс К», «Известия» газеттерінен де оқи аласыздар.
«Украинаның жаңадан сайланған Президенті Виктор Янукович кеше кешкісін ресми сапармен Қазақстанға келді», деп жазады «Айқын» газеті. Астана әуежайында Украина президентін ЕҚЫҰ-ның Ісбасындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев қарсы алған. В.Януковичтің сапары барысында екі жақты қарым-қатынас, газ және басқа да мәселелер талқыланбақ.
Украина президентінің еліміздегі алғашқы сапарына орай «Астана ақшамы» газетінде де «Украинамен уағдаластық» деген тақырыппен мақала басылды. «Бүгін Ақордада Қазақстан мен Украина арасындағы жоғары деңгейдегі келіссөздердің қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев пен Виктор Янукович бірлескен мәлімдемеге, сондай-ақ Қазақстан мен Украина арасындағы 2010-2011 жылдарға арналған «Жол картасы - 3» іс-қимыл жоспарына қол қойды. Сондай-ақ Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен Украинаның Сыртқы істер министрі Константин Гришенко 2000 жылғы мамырдың 19-ындағы Қазақстан Үкіметі мен Украина Министрлер Кабинеті арасындағы азаматтардың өзара сапарлары туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойды», деп жазады басылым.
Мәртебелі мейманның елімізге жасаған сапары жайында егжей-тегжейлі оқып, білгіңіз келсе «Казахстанская правда», «Литер», «Экспресс К», «Известия» басылымдарының да бейсенбілік нөміріне назар аударыңыз.
Атақты кинорежиссер Тимур Бекмамбетов алдағы жазда Мәскеуде «Ең қараңғы сағат» атты фантастикалық фильм түсірмек. Фильмнің басты рөлінің бірін 23 жастағы американдық актер Оливия Тирлби ойнайды. «Айқын» газетінің жазуынша, картинаның негізін жасаған сценарийшілер - Крис Горах пен Джоша Зетумер. Фильм оқиғасы американдық туристер Ресейдің астанасына келгенде аяқ астынан атысқа тап болуынан өрбиді. Бас кейіпкер Тирлби алғашқы сәтте тірі қалуды ойласа, кейін өзіне шабуыл жасаған басқа ғаламшардан келген келімсектерге қарсылық көрсетіп, тойтарыс береді.
***
«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ елордадағы аяқталмай қалған нысандардан сатып алған пәтерлерді үлестіретінінен бұрыннан хабардар жұртшылық бұл тұрғын үйлердің қандай жолмен, кімдерге берілетінін тағатсыздана күтіп жүргенді. Көпшіліктің көңілін алаңдатқан бұл баспана бағдарламасының да бас-аяғы түгенделіп, күні кеше тәртібі мен негізгі шарттары жария етілді. Осыған орай «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі нөмірінде «Баспана бағдарламасы байыпталды» деген тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, сәуірдің 12-сінен құжат қабылдау басталып, алғашқы кезекте 236 пәтер берілмек. Жалдамалы пәтерге қатысты жайттармен егжей-тегжейлі танысқыңыз келсе, газеттің бейсенбілік санына назар салыңыз.
***
Ал осы Астанада басталған жалға пәтер беру жобасына орай мақала басқан «Нұр Астана» газетінің жазуынша, жалға берілетін алғашқы пәтерлер «Ақ жайық» және «Әл Арқа» тұрғын үй кешендерінен берілмек. Эконом-класс санатына жатқызылатын бұл екі тұрғын үйден берілетін пәтерлердің саны - 236. Орта есеппен мұндағы 1 шаршы метрдің құны - 1330 теңге. «Былайша айтқанда, нарықтағы бағадан да жоғары. Оның үстіне жинайтын құжаттардың саны да аз емес. Бірақ жобаның қаншалықты сәтті жасалғанына алдағы уақыт төреші», дейді басылым.
Астана аспанын әнге бөлейтін «Жас қанат» байқауы жақындап келеді. Сәуірдің 16-18-і күндері еліміздің әрі аймағынан келген жас орындаушылар Конгресс-Холл сарайының сахнасында байқаудың бас жүлдесі «Алтын қанат» үшін өнер жарыстырмақ. Осыған орай «Нұр Астана» газеті байқауға қатысатын өнерпаздардың бірқатар өз оқырмандарына таныстыруды жөн санапты.
***
«Кеше Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов халықаралық академиялық, ғылыми және іскерлік жұртшылықпен - Астананың жаңа университетінің даму стратегиясын талқылаған халықаралық конференция қатысушыларымен кездесті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Астананың жаңа университетінің даму стратегиясы, сондай-ақ оның халықаралық консультативтік кеңесінің жұмысы туралы пікір алысылған. «Премьер-Министр Қазақстан Астананың жаңа университеті алдыңғы қатарды әлемдік жоғары оқу орны болып қалыптасуына мүдделі және Үкімет оны дамытуға барынша қолдау көрсетуге әзір деп атап көрсетті. Ол сондай-ақ шетелдік әріптестерді Қазақстанмен белсенді ынтымақтасуға шақырды», деп жазады басылым.
«Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, кешегі Бішкекте орын алған тәртіпсіздік барысында 17 адам қаза тапқан», деп жазады «Экспресс К» газеті.
Олардың басым бөлігі оқ тиіп жаралануы салдарынан мерт болған. Ал жарақат алғандардың өзі 142 адамға жеткен. Зардап шеккендерге көмек көрсету қырғыз астанасының орталығындағы тәртіпсіздіктің, жолдардың жабық болуының, адамдардың көп шоғырлануының салдарынан мүмкін болмай отырған көрінеді.
Осы оқиғалардан кейін Қырғызстанда төтенше жағдай енгізілген. Мемлекет басшысы аппаратының жетекшісі Қаныбек Жороев «Мен Құрманбек Бакиев, сондай-ақ аппараттың, президент хатшылығының және үкімет аппаратының бірқатар жауапты қызметкерлері жұмыс орнында екендігін мәлімдеймін. Елдегі тәртіпсіздік таяу әрі қысқа уақытта тәртіпке келтіріледі. Адамдардың қаза болуына кінәлілердің, сондай-ақ талан-таражды ұйымдастырушылардың барлығы жеке-жеке жауапкершілікке тартылатын болады», деп мәлімдеген.