Бас мүфти дінаралық қатынастардың жаңа көкжиектерін ашуға үндеді

АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Маямеров Астанада өткен «Қазақстан - біздің ортақ үйіміз» атты халықаралық конференцияда дінаралық қатынастардың жаңа көкжиектерін ашуға үндеді.

Бас мүфти дінаралық қатынастардың жаңа көкжиектерін ашуға үндеді

Оның айтуынша, ислам діні - іргетасын қалаған күннен бері, дінаралық түсіністіктің қажеттілігін уағыздап келеді.

«Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с) Меккеден Мединаға хижрат еткеннен кейін де ешбір пендені ислам дінін қабылдауға мәжбүрлеген емес. Қайта өзге дін өкілдерімен жақсы мәміледе болуды насихаттаған. Ол бір хадисінде: «Егер көршің өзге дін өкілдерінен болса, онда сенің мойныңда бір ақысы бар» деген болатын», - деді Бас мүфти.

«Қоғамда сенімен бірге өмір сүріп жатқан барлық азаматтардың әр нәрсеге өз құқығы бар. Ол қандай дінде болсын, онымен жақсы мәміледе болуымыз керек. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с) өзге діндегілердің құқығын қорғау және олармен жақсы мәміледе болу мұсылманшылықтың міндеті екендігін бірқатар хадистерінде айтып кеткен. Дін - бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байытып отыр. Жер бетіндегі адамзат қауымының өмір сүру игілігіне өз үлесін қосатын қуатты күш. Сондықтан сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымақтастыққа және мемлекетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет», - деп атап көрсетті бас мүфти.