Бас мүфти халық батыры Т. Бигелдиновқа шапан жауып, қасиетті Құран кітабын сыйға тартты

Жүздесуде Талғат Жақыпбекұлы Ержан қажы Маямеровті жаңа қызметімен құттықтап, жылы лебізі мен тілегін білдірді. Ақ батасын берді. 91 жасты алқымдаған ұшқыш-батыр сұрапыл соғыс жылдарында жасаған ерлігін еске түсіріп, 180 ұшақты құлатып, дұшпанның көзін қалай жойғаны жайлы Бас мүфтиге әңгімелеп берді.
«Талғат аға, Алла сізге қуат берсін. Сіз зұлмат заманда көкірегін оққа тіреп, ұлт үшін ерлік жасаған бірегей батырсыз. Халқыңыз мұндай ерен еңбегіңіз бен ерлігіңізді ешқашан ұмытпайды. Қазақстан мұсылмандары атынан Сізді мерейлі мерекеңізбен құттықтаймын. Алла тағала ел тыныштығы жолында жасаған жақсылықтарыңызды сауаптан жазсын. Сізге еліктеп өскен өскелең ұрпақ Сіз секілді ұлт үшін аянбай қызмет ететін болады», - деп ізгі ниетін білдірді Ержан қажы Малғажыұлы.
Талғат Бигелдинов - ТМД бойынша бірегей генерал-майор. «Менің әжем 101 жыл өмір сүрді. Бала кезімде маған бір дұға үйретті. Оны әрдайым ұшақта айтатынмын. Қазір де аузымнан тастамаймын. Осы дұғаны айтқаннан кейін жігерленіп кетемін. Соғыстан аман қалуыма әжем үйреткен дұғаның әсері болды деп ойлаймын», - деді Талғат Бигелдинов Бас мүфтимен жылы жүздесуде.
«Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өз үмбетіне сапар алдында айтуды өсиет еткен дұғаны батыр Талғат әлі күнге дейін ұмытпапты. Оны Діни басқармадан келген қонақтарға араб тілінде мүдірмей жатқа айтып берді. Қазақ батырымен бір сағатқа созылған салиқалы сыр-сұхбатта Бас мүфти халыққа қалтқысыз қызмет етуден асқан бақыт жоқ екені жайлы әңгіме өрбітті. Кішіпейілдік танытып, үйіне арнайы барған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына батыр Талғат ақсақал алғысын жаудырып, ізгі ниетін жеткізді. Жұмысына сәттілік тілеп, «Алла разы болсын» айтып, шығарып салды»,- делінген баспасөз хабарламасында.