Бас мүфти имамдарға тиісті тапсырмалар берді
АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Алматы қаласындағы мешіттерді аралап, имамдардың жұмысын пысықтап, тиісті тапсырмалар беруде. Бүгін Бас мүфти «Орбита» мешітінде жамағатпен жүздесті.
«Жасы бар, жасамысы бар, құлшылық үйінде Құран үйреніп, Ислам құндылықтарын бойына сіңіріп, ілімге ден қойған 164 шәкірт Ержан қажы Малғажыұлының қолынан сертификат алды. 38 адам мешіттегі тігін шеберханасында дәріс тыңдап, шеберлерден тәжірибе алған»,-деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.
«Мешіт - білім мен ғылымның, тәрбие мен ізгіліктің ордасы. Алла үйінде жасалған құлшылықтың, алған білімнің сауабы мол. Пайғамбардың (с.ғ.с.) мирасқорлары - ілім іздеушілер. Алла тағала қасиетті Құранда Жаратушы Иеден білімдарлар, ғалымдар көбірек қорқатынын баяндаған. Алла тағала діни білім алған адамның жәннатқа барар жолын жеңілдетіп қояды. Ал хадисте адамдардың жақсысы - Құран үйреніп, оны өзгеге үйреткен пенделер екені айтылған. Алған ілімдеріңізді Алла сауаптан жазғай!» - деді Ержан қажы Малғажыұлы шәкірттерге сертификатты табыстау салтанатында.
«Орбита» мешітінің бас имамы Асан Тілеубердиев Бас мүфтиге мешіттің оқу-ағарту, уағыз-насихат, Рамазанға дайындық жұмыстары жайлы баяндап берді.