Бас мүфти Канаданың елшісімен жүздесті

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Канаданың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Стивен Миллармен кездесті.

Бас мүфти Канаданың елшісімен жүздесті

Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметінен хабарлады.

Бас мүфти елшіге діни кадр дайындау барысы, уағыз-насихат, мешіттер мен медреселердегі оқу-ағарту жұмыстары туралы баяндап берді. Ержан қажы Малғажыұлы елімізде тұрақты өтіп келе жатқан әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезінің дінаралық татулықты қалыптастырудағы рөлі мен маңызын сөз етті. Сонымен қатар, Діни басқарма 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялағанын жеткізіп, осы бағытта атқарылар ауқымды шаралармен бөлісті. Бас мүфти Стивен Милларды баршаға ортақ болған мәселелер төңірегінде ой бөлісуге, адамзатты алаңдатқан түйткілге бірлесе тосқауыл қоюға шақырды.

Елші Қазақстан мен Канада елдері арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас пен қос мемлекеттің ортақ мүдделестігі туралы әңгімеледі.

Тараптар өркениеттер арасындағы діни татулықты нығайтудың өзектілігі жайлы әңгіме өрбітті.