Бас мүфти Қазақстандағы православ шіркеуінің басшысымен кездесті
АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы еліміздегі орыс православ шіркеуінің Қазақстан және Астаналық митрополиті Александрды қабылдады. Дін өкілдері халықты ізгілікке, адамгершілікке шақырып, елдің бірлігін нығайту жолында бірлесе жұмыс істеу қажеттігін сөз етті, деп хабарлады muftyat.kz ҚМДБ-ның ресми сайтынан.
«Дін өкілдері жақсылыққа үлес қосуда бірқатар берекелі істердің бастамашысына айналуы тиіс. Өйткені, мәселе бәрімізге ортақ. Бүгінде иманнан алшақтаудың ақыры қандай өкінішті жағдайларға әкеліп жатқанын көріп отырмыз. Темекі шегу, есірткіге еліту, арақ ішу, ажырасу, өзін өлімге қию, түсік жасату, т.б. мәселелер баршамызды ойландыруы керек. Елдің болашағына бәріміз жауаптымыз», - деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Бас мүфти Ислам өзге дін өкілдеріне құрмет көрсетуге үндейтін кемел дін екенін жеткізді. Өйткені, Ислам мұсылмандарды біреуге тілімен де, қолымен де зарар тигізбеуге шақырады.
Митрополит Александр Бас мүфтидің жаңа қызметіне сәттілік тілеп, бірлесе жұмыс жасауға сенім білдірді.
muftyat.kz сайтының хабарлауынша, Ержан қажы Малғажыұлы қонаққа «Ассаламуғалейкум!» деп сәлем бергенде, митрополит: «Уағалейкум ассалам» деп, мұсылманша жауап қайырыпты. Өзара түсіністік, діни татулық осыдан басталмақ...