Бас мүфти Рамазан айына байланысты үндеу жасады

АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - ҚМДБ және Орталық Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің министрліктер мен түрлі сала жетекшілеріне, облыс, қала, аудан басшыларына, кәсіпкерлер мен жалпы ел халқына алдағы қасиетті Рамазан айына байланысты үндеу жасады.

Бас мүфти Рамазан айына байланысты үндеу жасады

«Құрметті бауырлар, отандастар! Тәуелсіз еліміз әлем жұртшылығына өзінің ынтымағы мен бірлігі жарасқан ел ретінде танылды. Аз уақыт ішінде ғасырға татырлық жұмыс атқарылғанымен әлі де өз кезегін күткен шаруалар жетерлік. Біздің ең үлкен байлығымыз - отанымыздың тыныштығы мен татулығы. Осыған орай жұртымыздың дамуына әрбір азаматымыздың қосар үлесі зор деп білемін.

Мұсылман үшін отыз күн ораза ұстау - ұлық    ғибадат. Бұл күндерде ораза ұстаумен қатар мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау да Алла құзырындағы сауабы мол амалға жатады. Исі мұсылман баласы қасиетті рамазан айында сауаптан үміттеніп көптеген игі істер жасауды әдетке айналдырған.

Келе жатқан қасиетті Рамазан айында мүмкіндігі бар отандастарымды Алла разылығы үшін игі істерді мейлінше көбірек жасауға шақырамын. Өкініштісі жыл сайын Рамазан айы келуімен дүкендер мен базарларда азық-түлік бағалары күрт қымбаттап шыға келеді. Бұл, әрине, халықтың орынды ренішін туғызады. Рамазан біз үшін берекесі мол, Алланың рахымы мен мейірімі жауатын ай екенін ұмытпайық. Бұл айда жасалған әрбір ізгі амал өзге айларға қарағанда сауабы еселеп артатыны сөзсіз. Сондықтан осынау мүбәрак айда түрлі мекеме басшылары мен кәсіпкер мұсылман бауырларымды Жаратушы Иеміздің мейірімін тілеп, азық-түліктің, қонақүйлер мен қоғамдық қызметтердің, киім-кешектің, құрылыс заттары мен жанар-жағармайдың, мектеп формасы мен оқулықтарының, демалыс лагерлері мен шипажайлардың, мейрамханалар мен асханалардың бағасын 10 пайызға түсіріп, жеңілдік жасауға шақырамын. Қоғамдық көліктерде жүру ақысы, коммуналдық қызмет төлемақылары мен телекоммуникациялық байланыс тарифтері  де осылай төмендетіліп, жатса, нұр үстіне нұр. Өткен 2011 жылы  да осындай үндеу жариялағанымызда Бізге қолдау білдіріп, өздерінің өнімдерінің бағасын 10-30 пайыз арасында төмендеткен бауырларымызға Алла разы болсын»,-делінген онда.

Сонымен қатар Бас мүфти Қасиетті айда Алла тағаланың ашуы мен қаһарын тудыруға себепші арақ-шараптан, дініміз тыйым салған басқа да харам іс-әрекеттерден аулақ болуға, Рамазан айының құрметіне және басқа да айларда мейрамханалар мен жиын-тойларда ішкіліктің ешбір түрі дастарханға қойылмауына және дүкендерде сатылмауына шақырды.

«Жарылқаушы айда сауапты амалдар - халыққа жақсылық жасаудың осынау орайы келген қолайлы сәтін мүмкіндігінше пайдаланып қалайық, ағайын!»,-дейді Әбсаттар қажы Дербісәлі.

2012 жылдың 20 шілдесі - қасиетті Рамазан айының бірінші күні.