Бас мүфти шәкірттерді қызметке бөлді

АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі Алматыдағы республикалық «Әбу Ханифа» медресесін бітірген шәкірттерді қызметке бөлді. Бұл жайында ҚМДБ сайтында жарияланған.

Бас мүфти шәкірттерді қызметке бөлді

ҚМДБ-на қарасты ислами оқу ордасының «Исламтану» мамандығы бойынша биыл 13 шәкірт білім нәрімен сусындады. Жан-жақты жағдай жасалған медреседен түлеп ұшқан шәкірттер жер-жердегі мешіттерге қызметке тағайындалды. Дінбасы болашақ дін қызметкерлеріне батасын беріп, шәкірттерді дінге адал қызмет етуге шақырды. «Алла Тағала алған білімдеріңізге сай амал етуді, еліміздің игілігі мен болашағы үшін ерінбей қызмет етіп, асыл дініміз Исламды даналықпен насихаттауды нәсіп етсін!» - деп дұға жасады Бас мүфти.