Бас мүфти Сыр бойына келмек
АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қызылордада имамдар биыл атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Олар облыстың бас имамы Талғат Омаровқа мешіттердің тазалығы, жөндеу жұмыстары, шәкірттерді оқыту жайын баяндады.
Бұл туралы kyzylorda-news.kz сайтынан хабарлады.
«Өзге ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін қандастарымызға жол көрсету - дін қызметкерлерінің алдындағы үлкен міндет. Осындай бауырларымыздың шырмаудан шығуына жұмыс жасағанын Қазалының бас имамы айтқан кезде қуанып қалдық», - дейді орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің баспасөз хатшысы Әсел Ескендір.
Имамдар сондай-ақ мекемелер мен мектептерді аралап, насихат жұмыстарын жандандыруда. Ақпарат құралдарында ой саларлық, көкейге қонымды материалдар жариялап тұрады. Осы орайда Арал, Қазалы, Жаңақорған, Жалағаш аудандары имамдарының белсенділігі басым. Үлгілі имамдарға жуырда жұмыс сапарымен Сыр еліне келетін бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы алғыс хат табыстамақ.