Бас мүфти түлектерді қызметке бөлді
АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат - Жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі Алматыдағы «Нұр Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті түлектерін жеке қабылдап, жер-жердегі мешіттер мен медреселерге қызметке бөлді.
ҚМДБ мәліметінше, университет ашылғаннан бастап, онда осы күнге дейін тек исламтану мамандығы бойынша 262 адам бітірсе, бүгінде олардың бірі ұстаз, бірі имам. Ал биылғы бітірушілердің саны - 47.
«Имам болу - сауапты да, жауапты қызмет. Алла тағала сіз бен бізді дін қызметкері болуды қалағаннан кейін осы жолда аянбай тер төгуіміз керек. Елді бірлікке, білім мен ізгілікке, имандылыққа шақыру - бізге жүктелген зор міндет. Осы міндетті Алла мен адамдардың алдында абыроймен атқаруды нәсіп еткей», - деді Бас мүфти.
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі болашақ имамдарды қазақ топырағынан шыққан, Исламды қабылдап қана қоймай, асыл дінімізді байыта түскен бабаларымыздың рухани мұрасын зерттеп, зерделеп, оны халыққа насихаттауға шақырды.