Бас прокуратура 18 қазақстандық жеке ЖОО-ны лицензиясынан айыруды ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Бас прокуратура алқасының отырысы өтті. Онда жеке ЖОО-ларда білім берудегі заңнаманың сақталуы сөз болды.
Бас прокуратураның тексерісі кей мемлекеттік емес жоғары оқу орындары білім беру мен кәсіби мамандарды даярлауға қойылатын талаптарға жауап бермейтінін көрсетті, деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Бас прокурор Асхат Дауылбаев атап өткендей, анықталған заң бұзушылықтар Ғылым және білім беру саласын бақылау комитетінің тиісті тексеру жүргізбейтінін аңғартты.
Тексеріс нәтижесінде прокурорлар 62 ескерту жасады, соның ішінде 18 жеке ЖОО-ның лицензиясының күшін уақытша тоқтату туралы ұйғарымы бар. ЖОО-лардың 40 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке, 32-сі - әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2 қылмыстық іс қозғалды.
Аумақтық прокурорларға анықталған олқылықтарды жою бойынша қадағалау жүргізуді күшейту тапсырылды.