Бас прокуратура: 2017 жылы бiтiмгершiлiк институтын дамыту арқылы сот iстерiн 30 пайызға азайту көзделуде
АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат - Сот, прокуратура және әдiлет органдары қылмыстық және азаматтық процесстердегi "Бiтiмгершiлiк" тұжырымдамасының жобасын жасақтады.
Бұл туралы бүгiн аталмыш жобаны талқылауға арналған халықаралық конференцияда ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев мәлiм еттi.
"Бiтiмгершiлiк институтын құру мақсатында бiз сот, прокуратура және әдiлет органдарының күшiн бiрiктiрдiк. Оның қорытындысы - қылмыстық және азаматтық процесстердегi "Бiтiмгершiлiк" тұжырымдамасы жобасының жасақталуы болды. Тұжырымдаманың негiзгi аспектiсi дауларды шешу жүйесiнде бiтiмге келу процедураларын және сот алдындағы тетiктердi кеңiнен қолдануды көздейдi", - дедi А.Дауылбаев.
Оның сөзiне қарағанда, бiтiмгершiлiктiң тиiмдiлiгi басым. Себебi тараптардың, сот органдарының уақыты, қаражаты үнемделедi, бiтiмге келген тараптардың арасындағы адамдық немесе қызметтiк қарым-қатынастар сақталады, беделдерiне нұқсан келтiрiлмейдi.
"Қазақстанда азаматтық iстердiң тек 3 пайызы ғана бiтiммен аяқталады. Сотсыз, медиация арқылы дауларды шешу тетiгi бiзде кең пайдалануға енген жоқ. Шетелде даулардың ауқымды бөлiгi сотсыз шешiмiн тауып жатады. Мәселен, АҚШ-та - 97 пайыз, Ұлыбританияда - 87 пайыз, Еуропаның Словения сынды елiнде даулардың 40 пайызы бiтiмгершiлiкпен шешiледi", - деп атап өттi Бас прокурор.
А.Дауылбаевтың айтуынша, 2017 жылы бiтiмгершiлiк институтын дамыту арқылы сот iстерiн 30 пайызға азайту көзделуде.