Бас прокуратура: әскерилер жаттығуға барар жолда оқ-дәріні жәшіктеп жоғалтқан

АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгінде ең негізгі проблемалардың бірі заңсыз қару айналымымен күрес болып отыр. Ең алдымен, Қорғаныс министрлігіне ведомство иелігіндегі қару-жарақ пен жарылғыш заттарды сақтау шараларын күшейту қажет.
None
None

Бұл туралы бүгін Бас прокуратурада Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев айтты.

«Біз бір ғана тегіс оқпанды атыс қаруы бар еліміздің азаматынан қаруын дабылқаққыш орнатылған сейфке салып сақтауды талап етеміз. Алайда ҚР Қорғаныс министрлігінде неше түрлі қару-жарақтың қалай болса солай сақталатынына көз жұма қараймыз. Тіпті әскери жаттығулар кезінде әскери жүк көліктерінен қару-жарақ, оқ-дәрі, снарядтар және басқа да заттар жәшік-жәшігімен құлап түскендігі туралы бұлтартпас дәлелдер бар», - деп атап өтті А.Дауылбаев.

«Осы «құлап» қалған қару-жарақтың барлығымыз жақсы білетін «жиһадшылардың» қолына түспегені біз үшін үлкен бақыт болып отыр. Терроризмге, экстремизмге, қылмыстық ұйымдарға бүйрегі бұрып тұратын азаматтарға қару алып жүруге тыйым салатын заң қабылдау керек. Сондай-ақ, аталған азаматтарды жарылғыш заттар мен материалдарға қатысы бар жұмысқа жіберуге де тыйым салу қажет», - деп толықтырды ҚР Бас прокуроры.

Айта кету керек, Кеңестің жұмысына Үйлестіру Кеңесінің мүшелері, Парламент депутаттары, Ішкі істер, Қорғаныс, Төтенше жағдайлар, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктерінің, Кедендік бақылау комитетінің жетекшілері қатысты.

Соңғы жаңалықтар