Бас прокуратура экстремизмге шақыратын 400-ден астам сайттарды анықтады

АСТАНА. 20 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бас прокуратура елімізде экстремизмге шақыратын сондай-ақ террористік актілерді қолдауға бағытталған материалдар жарияланған 400-ден астам сайттарды анықтады.

Бас прокуратура экстремизмге шақыратын 400-ден астам сайттарды анықтады

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.

Оның айтуынша, Бас прокуратура басқа құқық қорғау және уәкілетті органдармен бірлесе отырып, заң тыйым салған ақпаратты тарату фактілерін анықтау және алдын алу мақсатында интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізіп отырады.

«Астана қаласының прокурорымен Байланыс және ақпарат министрлігінің талап-арыздары бойынша астаналық аудандық соттар 151 сайттың өнімін заңсыз деп тану және олардың қызметін Қазақстан Республикасының аумағында таратуды тоқтату туралы шешім шығарды», - деді ресми өкіл.

Оның деректеріне қарағанда, прокуратураның 215 сайтқа қатысты 14 талап-арызы мен Байланыс және ақпарат министрлігінің 11 сайтқа қатысты арызы сот қарауында жатыр. Сонымен қатар тағы 100-ден астам сайт бойынша талап-арыздар дайындалу үстінде. «Бас прокуратура интернеттің еркін және ашық пайдалануына мүдделі екенін ескерткіміз келеді. Алайда, ол басқа азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуі тиіс. Жалпы ортақ халықаралық нормаларға сәйкес, әр мемлекет террористік іс-әрекетке, оның идеологиялық негізін жоюға, терроризм идеяларын көпшілікке тарату және насихаттау фактілерінің алдын алу жөніндегі жан-жақты шаралар қабылдауға міндетті. Осыған қарай прокуратура органдары өзге де мүдделі органдармен бірлесе отырып, алдағы уақытта да азаматтардың қауіпсіздігіне, өміріне, денсаулығына, құқықтары мен бостандықтарына қауіп келмеуі үшін барынша атсалысады», - деді Н. Сүйіндіков.