Бас прокуратура халықты сумен қамтамасыз ету аясындағы тексерулердің нәтижесін жариялады

АСТАНА. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада өткен апталық брифингте Бас прокуратура халықты сумен қамтамасыз ету кезінде, оның ішінде «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде заңдардың сақталуына тұрақты қадағалау аясында тексерулердің нәтижесін жариялады.

Бас прокуратура халықты сумен қамтамасыз ету аясындағы тексерулердің нәтижесін жариялады

«Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу кезінде заң талаптарын бұзу фактілері анықталған. Осы өңірлерде сумен жабдықтау объектілері құрылысын салу жөніндегі конкурстарға қатысуға конкурстық өтінімді қолдану мерзімдері өтіп кеткен. Біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін компаниялар жіберіліп, конкурс жеңімпаздары болып танылған», - деді бүгін Астанада өткен брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков

Оның сөзіне қарағанда, жергілікті атқарушы органдар кейбір жағдайларда жұмысты аяқтау мерзімдерін бұзған мердігерлерден айыппұл санкцияларын өндіріп алу жөніндегі шараларды қолданбайды. «Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының Қожатоғай ауылында су құбыры құрылысын салу мерзімін 300 күнге жуық мерзімге кешіктірген «ЮКаз-Құрылыс» ЖШС-інен 17 млн. теңге мөлшерінде айыппұл өндіріп алу туралы шешім прокурор қолданған шаралар нәтижесінде ғана қабылданды», - деді ол.

Прокуратураның мәліметіне қарағанда, жұмыс орындалмаған немесе оның көлемі асыра көрсетілген су құбыры тораптары объектілерін қабылдау фактілері де орын алған.

«Ақтөбе облысында Хромтау ауданы Абай ауылының су құбыры тораптарын қайта салуға 110 млн. теңгеден астам бюджет қаражаты жұмсалған, қағаз жүзінде объект пайдалануға берілген. Алайда, тексеру кезінде су құбыры жұмыс істемеген, жартылай бөлшектеніп жатқан. Ауылды сумен жабдықтау резервуардан жүргізілген, ал онда су Хромтау қаласынан автокөлікпен жеткізіліп отырған. Осындай оқиғалар басқа жерлерде де кездеседі», - деді Н. Сүйіндіков.

Оның айтуынша, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында салынған сумен жабдықтау объектілерін заңды түрде бекіту, оларды күту және халыққа су беру жөніндегі жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған

«Сумен жабдықтау объектілерінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмеу фактілері анықталды. Павлодар облысының 71 ауылында ауыз су сапасы санитарлық нормаларға сай келмейді. Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында 2009 жылы орнатылған 17 су тазарту құрылыстарының 15-і жұмыс істемейді», - деді ресми өкіл.

Жалпы алғанда, сумен қамтамасыз ету мәселелері тұрғысында тексерулер нәтижелері бойынша прокурорлар үстіміздегі жылдың басынан бастап заң бұзушылықты жою туралы 60-тан астам ұсыныс енгізді. 3 қылмыстық іс, 25 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды, 15 материал процессуалдық шешім қабылдау үшін қаржы полициясына жіберілді.