Бас прокуратура ішкі істер органдарының бірқатар уақытша ұстау изоляторларының қызметін тоқтатты

АСТАНА. Қазанның 4-і. ҚазАқпарат - Бас прокуратура арнайы жүргізген тексерулердің нәтижесінде ішкі істер органдарына қарасты бірқатар уақытша ұстау изоляторларының қызметін тоқтатты.
None
None

Бас прокуратура таратқан мәліметтерге қарағанда, бұл шара ішкі істер саласына қарасты ғимараттардың тиісті талаптар мен нормативтерге, қамауға алынғандарды ұстаудың ең төменгі стандартты ережелеріне сай келмеуіне және санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталмауына байланысты қолға алынып отыр.

Сондай-ақ прокуратураның мәліметтерінше, осы органның ұсынысы негізінде арнайы экономикалық соттың шешімі бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жойғанға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданының уақытша ұстау изоляторының қызметі тоқтатылды. Қазіргі таңда Кентау, Түркістан қалалары, Төле би және Шардара аудандары ішкі істер бөлімдерінің уақытша ұстау изоляторларының қызметін тоқтату туралы прокуратураның талап-арыздары сотта қарастырылуда.

Қостанай облысының прокуратурасы да Алтынсарин, Қамысты, Федоров және Таран аудандары ішкі істер бөлімдерінің изоляторларының қызметін тоқтатты. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетіндегі уақытша ұстау изоляторларының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерін қабылдау заңдылығына тексеру жүргізу барысында да заң бұзушылықтар, ведомстволық бұйрықтардың қолданыстағы заңнамаларға сәйкес келмеу деректері анықталды. Тексеріс қорытындысы бойынша Бас прокуратура алдын ала ұстау орындарының қызметін реттейтін Ішкі істер министрлігінің бұйрықтарына үш наразылық енгізді.

Соңғы жаңалықтар