Қаза тапқан сарбаздардың аналарының уәжі назардан тыс қалмайды — бас прокурор
АСТАНА. KAZINFORM — Бас прокурор Берік Асылов Бас прокуратура мен Бас әскери прокуратура басшылығы қаза тапқан және жарақат алған әскери қызметшілердің аналарын қабылдайтынын айтып, әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.
— Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Бас прокуратура мен Бас әскери прокуратура басшылығы қаза тапқан және жарақат алған әскери қызметшілердің аналарын қабылдайды. Олардың әрбір уәжі назардан тыс қалмайды, — деп жазды Берік Асылов.
Ол бұл жұмысқа Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның орталық аппараттарының өкілдері тартылғанын айтты.
— Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза табуы мен жарақат алуын болдырмау жөніндегі жұмыстарға, әскери қызметке шақырудың заңдылығына және медициналық қызметтің қорытындыларының негізділігіне баға беріледі.
Осы жұмысқа Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның орталық аппараттарының өкілдері тартылды, — деді ол.
Еске салсақ кеше Президент әскерде қаза тапқан сарбаздарға қатысты істі тергеу кезінде заңның сақталуын қадағалауды тапсырған еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорға әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды 12 күн ішінде қарастырып, істі тергеу барысында заңның сақталуына баға беруді тапсырды.