Бас прокуратура қазақстандықтарға әлеуметтік желілердегі ҚДТ аккаунттарын жоюға кеңес берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы қазақстандықтарға әлеуметтік желілердегі «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымына қатысты аккаунттарды жоюға кеңес берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бас прокуратура қазақстандықтарға әлеуметтік желілердегі ҚДТ аккаунттарын жоюға кеңес берді

«Парақшаларды тарату, посттар, пікірлерді дайындау, шығару мен көбейту жауапкершілігі бойынша - 2 АЕК айыппұл салудан 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. ҚР Қылмыстық кодексінің 405-бабы бойынша, бұған дейін айтып өткенімдей, қолдауға бағытталған пікір (комментарий) экстремистік ұйымды қолдау жолындағы белсенді әрекет болып саналады. Осы қозғалысқа тіркелген жазылушыларға аккаунттарды жоюға кеңес берер едім», - деді Астанада өткен жиында ҚР Бас прокуратурасының қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Ерлан Абаев.

Еске сала кетсек, бүгін бүгін Бас прокуратураның өкілдері ОКҚ-да Мұхтар Әбілязовқа қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Мәлімдемеде Бас прокуратура өкілдері Мұхтар Әбілязовтың басшылығындағы «Қазақстанның демократиялық таңдауын» экстремистік ұйым деп таныды.

Сонымен қатар, Бас прокуратура ҚДТ-ны әлеуметтік желіде қолпаштаған кез келген пікір экстремистік ұйымды қолдау болып саналатынын атады.