Бас прокуратура ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын арыз-шағымдар ең аз түскен сайлау деп бағалап отыр

АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауымен байланысты мемлекеттік органдарға барлығы 1 мың 4 өтініш келіп түскен.

Бас прокуратура  ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын арыз-шағымдар ең аз түскен сайлау деп бағалап отыр

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықтарды қадағалау департаментінің бастығы Андрей Кравченко айтты.

Оның айтуынша, өтініштердің арасында арыздар - 907, шағымдар - 90, ұсыныстар -7. «Жалпы алғанда өтініштер саны аса көп емес. Егер бұл мәліметтерді осыған дейінгі сайлауларда орын алған жағдаймен салыстырсақ, қазіргі қалыптасқан жағдайдың әлдеқайда басқаша екендігін көруге болады. Өйткені, шағымдар саны өте аз. Меніңше осы сайлауда тұрғындар тарапынан шағымдардың аз болуына сайлаудың ерекшелігімен қатар, мемлекеттік органдардың сайлауға тыңғылықты дайындығы себеп болып отыр. Сонда-ақ жағдайдың оңалуына соңғы 5 жылда сайлау заңнамаларына енгізілген өзгерістер игі ықпалын тигізді»,-деді Бас прокуратура өкілі.