Бас прокуратура қылмыстық саладан тыс қызметін күшейтуге мүдделі - Қ. Мәми

А. Желтоқсанның 3-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда біз ресейлік әріптестер сияқты прокуратура органдарының қылмыстық саладан тыс қызметін күшейту мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеміз.

Бас прокуратура қылмыстық саладан тыс қызметін күшейтуге мүдделі - Қ. Мәми

 Бұл туралы бүгін Астанада өткен ТМД-ға мүше мемлекеттердің   бас прокурорлары Үйлестіру кеңесінің 18-ші мәжілісінде ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде «Прокуратура туралы»  заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы әзірленуде. Бұл құжат прокуратура органдарының қылмыстық-құқықтық қызметін ғана емес, жалпы бақылау құзіретін күшейтуге бағытталған», деді Қ. Мәми.

Бүгінгі таңда кейбір халықаралық ұйымдардың  прокуратура қызметін тек қылмыстық тергеумен ғана шектеп қоюға тырысып жатқандары туралы Қ. Мәми: «Қазіргі кезде Венециядағы комиссия ТМД-ға мүше кейбір елдердегі прокурорлар қызметі Еуропа талаптарына сай емес деген шешім шығарып отыр. Ал Еуропа Министрлер кеңесінің нұсқауымен құқықтық ынтымақтастық жөніндегі Еуропа комитеті прокуратура органдарының қылмыстық саладан тыс қызметін дамыту бойынша бірқатар кеңестерді мақұлдауда. Осы орайда, біз прокуратураның қылмыстық саладан тыс қызметін дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеп, оның барлығы халықаралық талаптарға сай деп санаймыз», деді Қ. Мәми.