Бас прокуратура Маңғыстау азаматтарын араңдатушылық мақсаттағы ақпараттарға назар аудармауға шақырды
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жаңаөзенде төтенше жағдай режимі кезінде құқықтық тәртіп органдары тарапынан бірде-бір қару пайдалану фактісіне жол берілген жоқ.
«Дегенмен, біздің бірнеше рет қайталанған, тексерілмеген ақпаратты жариялаудан бас тарту жөніндегі шақыруымызға қарамастан, нақты мәліметтермен және мемлекеттік органдардың ресми хабарларымен қуатталмаған әр түрлі ақпараттарды жариялау жалғасуда»,- деп ескеріп өтті ресми өкіл. Оның сөзіне қарағанда, мәселен, кеше бұқаралық ақпарат құралдары Жаңаөзен қаласындағы тәртіпсіздік салдарынан Ингушетияның Жанболат Тангиев атты азаматы мерт болғаны туралы хабарлаған. «Алайда, жүргізілген тексеру барысында Ж.Тангиевтың аман-сау және Ақтау қаласында екендігі белгілі болды. Ол Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатыспағандығын хабарлады», деді Н.Сүйіндіков. Осыған байланысты ресми өкіл Маңғыстау облысының азаматтарын заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтауға және араңдатушылық мақсаттағы ақпараттарға назар аудармауға шақырды. «БАҚ өкілдерін болған оқиғаларды жарыққа шығару жұмыстарына жауаптылықпен қарап, халық арасында негізсіз үрей тудыратын, шындыққа сай келмейтін ақпаратты жариялауға жол бермей, тек тексерілген фактілерге сүйенуді сұраймыз"- деп түйіндеді сөзін Н.Сүйіндіков.