Бас прокуратура республикалық құрылыс нысандарының құнын негізсіз қымбаттату фактілерін анықтады

АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Елде республикалық бюджет қаржысына салынып жатқан құрылыс нысандарының құны негізсіз жоғарылатылып келген.

Бас прокуратура республикалық құрылыс нысандарының құнын негізсіз қымбаттату фактілерін анықтады

Бұны бюджет қаражатын пайдалану кезінде құрылыс нысандарының құнын қымбаттату себептеріне қатысты жасалған Бас прокуратураның талдауы көрсетіп отыр.

Бүгін журналистермен болған кездесуде Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиевтің атап өткеніндей, 2009 жылы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 35 жобаның құрылыс құны 20 млрд. теңгеге негізсіз қымбаттаған. 2010 жылы осындай жемқорлық фактілері қайталанып, мемлекетке 19 млрд. астам теңге залал келтірілген.

«Мысалы, жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуіне және мемлекеттік сараптама үдерісіндегі кемшіліктерге байланысты Астана қаласындағы онкологиялық диспансердің жобасы екі мәрте түзетілген. Нәтижесінде оның сметалық құны 2,8 миллиардтан 7,4 миллиард теңгеге дейін өсіп кеткен. Немесе 2,5 есеге артқан»,-деді Ж. Өмірәлиев.

Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, құрылыс мерзімдерін негізсіз ұзарту фактілері де нысандардың қымбаттауына әкеп соққан.

Ведомство анықтағанындай, Алматы қаласындағы перинаталдық орталықтың құрылыс мерзімін мердігер созып алуына байланысты, оның жобалау-сметалық құжаттамасы 2008 жылдан бері үш рет қайта есептелген. «Соңғы қайта есептеуден кейін нысанның құны қосымша 1,6 млрд. теңгеге өскен»,-дейді Ж. Өмірәлиев.