Бас прокуратура сайлау процесі барысында заңдылықты бұлжытпай сақтауға ша­қырады

АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы барлық азаматтарды, заңды тұлғалар мен бұқаралық ақпарат құралдарын сайлау процесі барысында заңдылықты бұлжытпай сақтауға ша­қырады.

Бас прокуратура сайлау процесі барысында заңдылықты бұлжытпай сақтауға ша­қырады

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының 2011 жылдың 3 сәуіріне тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты жариялаған үндеуінде айтылған.

"...Бас прокуратура барлық азаматтарды, заңды тұлғалар мен бұқаралық ақпарат құралдарын сайлау процесі барысында, соның ішінде, сайлау ал­дындағы үгітті немесе жария iс-шараларды заңсыз жүзеге асыруға жол бермеу тұр­ғысында заңдылықты бұлжытпай сақтауға ша­қырады", - делінген таратылған Үндеуде.

Төменде үндеудің толық мәтінін таратамыз.

- Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 4 ақпандағы №1149 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2011 жылдың 3 сәуіріне тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комис­сия­сының 2011 жылғы 4 ақпандағы № 16/22 қаулы­сы­мен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді.

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды тіркеуді аяқтады.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы­ның (әрі қарай - Конституциялық заң) 27-бабының 2-тармағына сәйкес 2011 жылдың 3 наурызы мен 1 сәуірі аралығында Қазақстан Республикасының Президенттiгіне кандидаттар сайлау алдындағы үгiт жүргізуді жүзеге асырады. Бұл ретте сайлау ал­дын­дағы үгіт - сайлаушылардың белгiлi бiр кан­ди­датты жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет (Конституциялық заңның 27-бабының 1-тармағы).

Конституциялық заңның 27-бабының 3-тар­ма­ғы­на сай сайлау алдындағы үгіт баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырыла алады. Сондай-ақ, сайлау алдындағы үгіт заңнамамен белгіленген тәртіпте және Конституциялық заңда тыйым салынбаған жария iс-шаралар арқылы (жиналыстар және сай­лау­шы­лармен кездесулердi, жария пікірталастар мен пiкiр алысуларды, митингiлердi, шерулердi, демон­стра­цияларды және басқа жария іс-шараларды) жүзеге асырылуы мүмкін.

Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер мен демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, ми­тингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» Қазақ­стан Республикасының Заңымен реттеледі.

Аталған заңға сәйкес Конституциялық заңның 27-бабының 3-тармағының 2-тармақшасында көрсе­тіл­ген жабық емес орындарда өткізілетін сайлау ал­дындағы жария iс-шаралар жергілікті атқарушы ор­гандарын алдын ала ескерту және олардың рұқсатын алу арқылы арнайы бөлінген орындарда қоғамдық тәртіп пен халықтың тіршілігін қамтамасыз ету нысан­дарының қалыпты жұмысын бұзуды болдыр­мау­ға бағытталған шараларды қолдана отырып, жү­зеге асырылуы тиіс.

Конституциялық заңның 27-бабының 9-тарма­ғы­на сәйкес сайлау алдындағы үгітті жүргізу кезеңінде сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым са­лынатынын атап көрсетеміз.

Сайлау науқаны үшін арнайы әзірленген баспа материалдарын, соның ішінде, безендірілген мате­риалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгілерді, жа­лауларды, жалаушаларды тегін таратуды қос­па­ған­да, сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарт­та­ры­мен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көр­сету, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияла­рын өткiзу, ақша төлеу не осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзу сайлау алдындағы жөнсiз үгіт болып саналады.

Сайлау жарияланған (тағайындалған) кезден бастап, кандидаттарға, сондай-ақ олардың атынан немесе оларды қолдап кeз келген жеке және заңды тұлғаларға, ойын-сауық және спорт­тық iс-шара­ларын ұйымдастыруды қоспағанда, қайырым­ды­лық iс-шараларын өткiзуге тыйым салынады.

Конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (9-бап) сәйкес сайлау алдындағы үгітті немесе жария iс-шаралардың шарттарын бұзу кінәлі адамдарды заңда белгіленген жауапкершілікке тартуға әкеп соғады.

Жоғарыда көрсетілген заңнама нор­маларын түсіндіре отырып, Бас прокуратура барлық азаматтарды, заңды тұлғалар мен бұқаралық ақпарат құралдарын сайлау процесі барысында, соның ішінде, сайлау ал­дындағы үгітті немесе жария iс-шараларды заңсыз жүзеге асыруға жол бермеу тұр­ғысында заңдылықты бұлжытпай сақтауға ша­қырады.