Бас прокуратура шетелдіктерді құқық қорғау органдарына беру туралы өтініштерді қанағаттандырды
«Өзбекстанның құқық қорғау органдарына ұрлық (Өзбекстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 169-бабы) жасағаны үшін шығарылған сот үкімін орындау үшін 1976 жылы туған Оразали Қолдасов және бұзақылық (Өзбекстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 277-бабы) жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін 1982 жылы туған Камолиддин Нишонов беріледі. Сондай-ақ 2002 жылғы 7 қазандағы азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы Кишинев конвенциясының 66-бабына сәйкес 30 жастағы Грайр Товмасянды денеге қасақана жарақат салғаны үшін (Армения Республикасы Қылмыстық Кодексінің 112, 113-баптары) қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін беру туралы Армения Республикасы Бас прокуратурасының өтініші қанағаттандырылды», - делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан ақпарда.
Аталған шетелдік азаматтарды көрші мемлекеттердің құқық қорғау органдарының өкілдеріне беруді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі Комитеті жүзеге асырады.