Бас прокуратура: СҚО-да сепаратизмді насихаттағандар күдіктіге жатпайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сепаратизмді насихаттауға қатысты тергеу аясында 18 адамнан жауап алынуда. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас прокуратура: СҚО-да сепаратизмді насихаттағандар күдіктіге жатпайды

«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Қылмыстық кодекстің 180-бабы, 2-бөлігіне сәйкес «БАҚ-ты пайдалана отырып адамдар тобы арасында сепаратизмді насихаттау» бойынша қылмыстық іс қозғады. Қылмыстық іс шеңберінде тұрғылықты жерлері мен жұмыс орындарында тінту жүргізілді. Тәркіленген видеотасымалдаушы сондай-ақ әлеуметтік желілердегі сюжет бойынша сараптама тағайындалды», - деді Жандос Өмірәлиев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Сараптаманы Әділет министрлігінің қызметкерлері жүргізеді, одан кейін әрбір қатысушының іс-әрекетінің біліктілігі бойынша қорытынды жасалады және бұлтартпау шарасы таңдалады.

«Олардың мәртебесі күдікті емес, дегенмен 18 адамнан жауап алынуда», – деді Бас прокурордың орынбасары.

Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға СҚО-дағы оқиғаға қатысты түсініктеме берген еді.

Кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы Петропавлдағы сепаратизм фактісіне орай мәлімдеме жасады.