Бас прокуратура тергеу органдары жоғалтқан 3,5 мың қылмыстық іске қатысты пікір білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 3,5 мың қылмыстық істің жоғалуы туралы факт шындыққа сай келеді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлайды.
«Соңғы 3 жылда мұндай жағдайлардың тіркелуіне Алматы, ОҚО, Жамбыл және Атырау облыстарының тергеу органдары себеп болып отыр. Прокуратура органдарында бұл қатарлы кемшіліктер жоқ. Қылмыстық құрамы болмағандықтан, кінәлі адам табылмағандықтан тоқтатылған ауыр емес және орташа істерді айтып тұрмыз. Ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша факт жоқ. Барлық істер бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізілді», - деп хабарлайды Бас прокуратурадан.
Қазіргі таңда қылмыстық істердің басым бөлігі қайта қалпына келтірілген. Олақтық жібергендердің үстінен шара қабылданған.
Қызметкерлердің олақтығымен бірге бұзушылықтарға көп жағдайда құқыққорғау органдарының ішіндегі жүйелілік кемшіліктер себеп болған.
Олқылықтарды түзеу үшін Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитеті «Е-қылмыстық іс» атты бағдарлама әзірлеген. Бұл үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлінбепті. Бағдарлама қылмыстық істердің барлық деңгейін қамтиды. Ол материалдық істердің жалған жасалуын шектеп, дәлелдерді көптеп тартуға, процессуалдық құжаттарды жасауға серпін бермек. 15 тамыздан бастап тың жоба Астана қаласы мен Жамбыл облысында жүзеге асырылған. 15 қыркүйекке дейін тағы да 4 аймақты қамту жоспарланып отыр.