Бас прокуратура Үкіметке өндірістік альпинизм саласындағы заңнамаларды жетілдіру туралы ұсыныс жасады

АСТАНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат. Соңғы жылдары құрылыс саласындағы қарқынды дамуға және ірі қалалардағы зәулім ғимараттардың пайда болуына байланысты өндірістік альпинизм қызметі сұранысқа ие бола бастады,

Бас прокуратура Үкіметке өндірістік альпинизм саласындағы заңнамаларды жетілдіру туралы ұсыныс жасады

деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Осы сала қауіпсіздік пен еңбекті қорғаудың күшейтілген шараларын қажет ететініне қарамастан, Қазақстанда өндірістік альпинизмдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету ережелері қабылданбаған, өкілетті органдар және мүдделі  адамдар қажеттілік туындаған жағдайда ресейлік заңнамаға сүйенуге мәжбүр.

Өндірістік альпинизм жұмыстар мен кәсіптердің Бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына, сондай-ақ, қауіпті өндірістік процестердің тізіміне енгізілмеген.

Заңнаманың жеткілікті болмауы өндірістік альпинизм саласында жұмыс істейтін адамдардың қауіпсіздігін және еңбегін тиісті деңгейде қорғауға мүмкіндік бермейді, бұл өз кезегінде өндірістегі адам өліміне дейін апаратын қайғылы оқиғаларға соқтырады.

Мысалға, ағымдағы жылдың тамызында Алматы қаласындағы «Есентай-Тауэрс» іскерлік орталығының ғимаратына қызмет көрсету барысында төрт  өндірістік альпинистің өмірін қиған қайғылы оқиға орын алды.

Осы саладағы азаматтардың  қауiпсiздiк талаптарына сай еңбек ету жағдайына құқығының қорғалу жағдайына қатысты алаңдаушылық білдіре отырып, Бас прокуратура еліміздің Премьер-Министрінің атына өндірістік альпинизм саласындағы заңнаманы жетілдіру, соның ішінде осы жұмыстарды лицензия берілетін қызмет түріне енгізу мәселелері туралы ұсыныстар жасады.