Бас прокуратура Юрий Пактың үкіміне қатысты түсінік берді

«Пактың жазасы барынша төмендетілген, 2 жыл (санкция 6 айдан 6 жылға дейін бас бостандығына айыруды көздейді) бас бостандығына айыру түрінде белгіленді. Сот оның 13 және 17 жастағы екі баласының және жазасын ауырлататын жайттардың болмауы сынды жазаны жеңілдететін себептерді ескерді. Сот шартты түрде жаза тағайындау немесе үкімді кейінге қалдыру үшін ешқандай негіз қарастырған жоқ. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енбеген. Пак үкім көшірмесін 7 қазанда алды және осы уақыттан 23 қазанға дейін ол облыстық сотқа аппеляциялық шағым жасай алады. Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес үкім заңды күшіне енгенге дейін прокуратура оған араласа алмайды. Іс аппеляциялық қайта қаралған жағдайда облыстық прокуратура өкілдері шығарылған үкімнің заңдылығы туралы қорытынды береді. Мұнан ары аппеляция шешімімен сотталушы келіспеген жағдайда ол Жоғарғы сотқа немесе Бас прокуратураға өзінің дәйектері мен наразылықтарын көрсете отырып шағым жасауға құқылы», - деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Айта кетейік, бүгін Дариға Назарбаева Қарағандыда сотталған ұстаз Юрий Пактың ісі бойынша құжаттарды тыңғылықты қарап шығу туралы Бас прокуратураға сауал жолдаған айтқан болатын.
Естеріңізге сала кетсек, физика пәнінің мұғалімі Ю.Пакқа тіркелген ұялы телефоннан «112» жедел қызметіне «ЦУМ» сауда үйіне бомба қойылғандығы туралы ақпарат түскен. Террористік акті туралы ақпараттың нәтижесінде сауда үйіне жедел қызметтер мен құқық қорғау органдары барып, ол жерден 3 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Қазыбек би аудандық соты айыптаушы тараптың да, қорғаушы тараптың да дәлелдерін тыңғылықты тексеріп, оның нәтижесінде айыптау үкімін шығарған болатын.