Бас прокуратура: Заң бұзған учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы қызметінен босатылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлауалды науқан барысында мәслихат депутаттығына кандидаттардың бірін қолдап, үгіт жүргізгені үшін Шығыс Қазақстан облысындағы учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл туралы бүгін ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
Оның айтуынша, электоралдық кезеңде азаматтардың конституциялық құқықтары мен сайлау заңнамасының сақталу мәселелері прокурорлар үшін жұмыстың негізгі басымдығы болып белгіленген.
«Үгітті қоса алғанда, дауыс берілетін күннің алдындағы барлық іс-шаралар «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» конституциялық заңға сәйкес жүргізілгендігін атап өтеміз. Мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Дегенмен, кей жағдайда сайлау алдындағы үгітті жүргізу шарттары бұзылды. Нақты айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының Зырьян ауданында прокуратура учаскелік сайлау комиссиясының төрағасына қатысты мәслихат депутаттығына кандидаттардың бірін қолдап, сайлау алдында үгіт жүргізгені үшін әкімшілік іс қозғады. Осыған байланысты ол комиссия төрағасының міндетін атқарудан босатылды. Сондай-ақ, сот 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке кесті», деді Н. Сүйіндіков.
Оның айтуынша, Шымкент қаласының Қаратал ауданында қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттың үгіт материалдарын бүлдіргені үшін қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, сайлауалды үгітті жүргізу шарттарын бұзу фактілері бойынша Астананың 3 тұрғынына заңды бұзуға жол берілмейтіндігі туралы алдын ала ескертулер жасалыпты.