Бас прокуратура заңға қайшы 596 сайтты жапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Бас Прокурордың орынбасары Андрей Кравченко мен Қазақстан Интернет қауымдастығының Президенті Шавкат Сабиров өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Меморандумға қол қоюдың маңыздылығын айта отырып, Андрей Кравченко Бас прокуратура мен Қазақстан Интернет қауымдастығының өзара белсенді әрекеттесуі прокуратура органдарының үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды жолға қоюдың жалғасы болып табылатынын атап өтті. Тараптар Интернет желісінің қазақстандық сегментінде құқыққа қайшы контенттің таралуына қатысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған күш-жігерді шоғырландыруды көздеп отыр.
«Балаларды нәпсіқұмарлыққа пайдаланумен күрес, жасы кәмелетке толмағандар порнографиясымен, лаңкестік пен экстремизмді насихаттау және жариялы түрде ақтаумен байланысты заңсыз ақпараттардың таралуына, сондай-ақ басқа да ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын басқа да құқық бұзушылықтармен күрес мәселелері әрекеттесудің негізгі бағыттары болып табылады»,-делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінде.
Интернет-кеңістікте заңсыз материалдардың таралуының жолын кесу мақсатында 2011 жылдан бастап прокуратура органдары басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп 90 000 астам интернет-ресурстардың мониторингін жүзеге асырып, экстремизм және лаңкестік идеяларын насихаттау, сондай-ақ жарылғыш құрылғыларды қолдан жасау әдістері туралы ақпараттарды таратудың анықталған фактілері бойынша талап арыздық жұмыс жүргізіп, сотқа дейінгі реттеу шаралары қабылданды.
Белгілі болғандай, Астана және Алматы қалаларының соттары аталған мерзім ішінде 596 интернет-ресурстың өнімін Қазақстан аумағында таратылуын тоқтату мен заңсыз деп тану жөніндегі прокурорлардың және уәкілетті органның арыздарын қанағаттандырды.