Бас прокуратура заңсыз астық экспортына қатысты іске түсінік берді

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокуратурасы астықты заңсыз экспорттауға қатысты күдікке ілінген кәсіпкерлерден ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айыпты алып тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бас прокуратура заңсыз астық экспортына қатысты іске түсінік берді

Үш кәсіпкер мүліктік залал келтірді деген күдікке ілінген (ҚК-нің 195-бабы 4-бөлігі). Атап айтқанда, олар Ресейден бидай сатып алған, содан кейін Қазақстан астығы ретінде шетелге заңсыз экспорттаған. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, кәсіпорын иесі компания қызметкерлерімен бірге қылмыстық топ құрған. Мұнда қылмыстың тек экономикалық құрамы болған жағдайда кәсіпкерлер қамауға алынбас еді. Сондықтан ҚК-нің 262-бабы кәсіпкерлерді қамауға алуға себеп болған.

«Қылмыстық кодекстің 262-бабы (ұйымдасқан қылмыстық топ құру) адам үшін ауыр салдарға әкеп соғады. Осы бап аясында бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді. Біздіңше, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген күдік орынсыз. Өйткені бұл үшін жоғары ұйымшылдық пен тұрақты әрекеттер түріндегі бірқатар белгілер болуы тиіс. Басшылықты және олардың қарамағындағы жұмысшылар арасындағы жұмыс қатынастарын қылмыстық топ құру және оған қатысу деп тануға келмейді», – деді Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің аға прокуроры Данияр Ахимбеков.

Осы орайда қадағалаушы прокурор ҚК-нің 262-бабы бойынша 3 адамға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты.

Бұл тұрғыда күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы үйқамаққа ауыстырылды. Яғни, мемлекет мүддесі аясында мүліктік залал келтіру фактісі бойынша тергеу амалдары жалғасады.