Бас прокуратура жақын аралықта Парламентке 40-тан астам шартты ұсынатын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы жақын аралықта Парламентке 40-тан астам халықаралық шартты ұсынатын болады. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов мәлім етті.

Бас прокуратура жақын аралықта Парламентке 40-тан астам шартты ұсынатын болады

Айта кетерлігі, Сенаттың жалпы отырысында депутаттар құқықтық көмектерге қатысты үш бірдей халықаралық құжатты ратификациялаған болатын.

«Соңғы төрт жылдың ішінде Бас прокуратураның басқа мемлекеттермен арадағы қол қойған халықаралық шарттарының саны осыған дейінгі жиырма жылдық көрсеткішпен тең болды. Қазіргі таңда біз тағы да 28 елмен құқықтық сала бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Оған орай, жақын аралықта тағы да 40-тан астам халықаралық шартпен Парламентке келеміз деп жоспарлаймыз», - деді Бас прокурор орынбасары Жақып Асанов. Оның айтуына қарағанда, алдағы күндері Парламент депутаттарының қарауына Қазақстан мен АҚШ арасындағы екі конвенция ұсынылады.

«Тоқтала кететін жайт, соңғы уақытта баспасөзде Америкада сотталған Қазақстан азаматтары жайлы көп айтылып жүр. Олардың жазасының қалған бөлігін елімізде өтеу туралы мәселе де көтерілген. Бұл ретте айта кетерлігі, Қазақстанның АҚШ-пен сотталғандарды беру туралы конвенциясы жақын арада Мәжілісте қаралатын болады. Сондықтан да, сотты болған азаматтарды елге қайтарудың құқықтық негізі соның аясында қаралуы мүмкін. Сонымен қатар, Қазақстан АҚШ-пен қылмыскерлерді өзара ұстап беру туралы шартқа да алдағы уақытта қосылуды көздеп отыр», - деді Жақып Асанов.