Бас прокуратура және Ұлттық кәсiпкерлер палатасы Өзара әрiптестiк туралы меморандумға қол қойды

Аталмыш құжатты Бас прокурор Асхат Дауылбаев және ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаев бекiттi.
"Бiз елдегi кәсiпкерлiктiң дамуына қажеттi құқықтық, экономикалық, әлеуметтiк жағдайларды жоғары деңгейде қамтамасыз етуiмiз шарт. Осы тұрғыда мемлекеттiк органдар мен кәсiпкерлiктiң жұмыла жұмыс iстеуi маңызды", - дедi Бас прокурор А. Дауылбаев.
"Қазiргi уақытта Үкiметте Салық кодексiн жетiлдiру бойынша жұмыстар талқылануда. Сонымен қатар электронды мемлекеттiк сатып алу туралы заң жасалуда. Осы салалар бiздiң бiрлескен күшiмiздiң арқасында реттелуi тиiс. Бiзде ортақ оң тәжiрибе бар. Соны дамытамыз", - деп атап өттi өз кезегiнде Т.Құлыбаев.
Аталған құжат экономика салаларындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды жою жолдарын анықтау, кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтарын қалпына келтiру бойынша жұмыстарды күшейтуге бағытталған.
Iс-шараға бейне байланыс арқылы прокуратураның аймақтық органдары мен өңiрлiк кәсiпкерлер палаталарының өкiлдерi қатысты.